Бурабай және Бұланды аудандарының 45 тұрғыны жаппай алаяқтың арбауына түсіп, полицейлерге шағым түсірген. Аудандық полиция бөлімінің тергеушілері алаяқтық фактісі бойынша тергеу амалдарын жүргізуде.

Жәбірленушілердің бірі былтыр ақшалай несиені онлайн рәсімдей алмай, таныс келішектің көмегіне жүгінген. Ол өз кезегінде қажетті қаражатты банктегі таныс менеджері рәсімдеуге көмектесе алатынын айтады. Бірақ, күдікті міндетті шарт ретінде жалпы соманың жартысын беруін сұраған, одан қалды, алғашқы 6 ай несиені өзі төлейтінін айтқан. Осылайша, алаяқ өтініш берушіге 13 миллион теңгеге несие рәсімдеуге көмектесіп, жартысын өзі иемденген. Қазіргі таңда, алаяқ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ал, полицейлерге шағымданушылардың саны күн сайын артып отыр. Айта кетейік, алаяқ әйел Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласының тұрғыны.
 
ГҮЛНӘР ПИНЧУК АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: «Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ақмолалықтарды несие рәсімдеу кезінде көмек көрсетіп, оңай олжаға кенелтемін дейтін үшінші тұлғалардың арбауына түсіп қалмауға шақырамыз».