2026 жылдың 11 ақпанында Әл-Фараби кітапханасының 409-мәжіліс залында мемлекет және қоғам қайраткері, академик Өмірбек Жолдасбековтің 95 жылдығына арналған «Академик Өмірбек Жолдасбеков. Өмірі. Қызметі. Тағдыры» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл – жай ғана мерейтойлық шара емес, ел тарихындағы ірі тұлғаны қайта танып, еңбегін таразылаған маңызды кездесу болды.
Кітап авторы – жазушы, журналист Көлбай Адырбекұлы. Жиында сөз сөйлеген профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Дәдебаев Жанғара Дәдебайұлы Өмірбек Жолдасбековтің қайраткерлік болмысын терең бағалады. Ол кісінің айтуынша, Жолдасбеков – тек басшы емес, елдің болашағын ойлаған стратег тұлға.
Кітаптың ең әсерлі бөлімі – 1971 жылы басталған университет қалашығының құрылысы туралы тараулар. Бүгінде бәріміз білетін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қалашығы оңай салынған жоқ. Мәскеудің рұқсатын алу, қаржы табу, жобаны қорғау – бәрі үлкен күреспен келген. Кітапта Жолдасбековтің құрылысқа тек басшы ретінде емес, нағыз ұйымдастырушы ретінде араласқаны айтылады. Ол екі ауысыммен жүріп жатқан жұмысты үш ауысымға көшіріп, құрылыстың қарқынын арттырды. Жастарды оқытып, құрылыс ісіне баулыды. Ұлттық жұмысшы табын қалыптастыруды мақсат етті. Тіпті кадр жетіспеген кезде сотталған азаматтарды да жұмысқа тартуға батыл шешім қабылдады. Бұл – қазіргі 30 мыңға жуық студент білім алып жатқан қара шаңырақ үшін қабылданған шешім. Адамгершілігі мол тұлға адамдарға сенді. Еңбек арқылы олардың қоғамға қайта оралуына мүмкіндік берді. Кітапта бұл оқиғалар архив құжаттарымен, нақты деректермен берілген.
Еңбекте 1986-1989 жылдардағы күрделі кезең де қозғалады. Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Геннадий Колбин тұсындағы жағдай, ұлттық мүдде мәселелері, кадр саясаты – бәрі құжаттар негізінде баяндалған. Жолдасбеков сол қиын кезеңде де өз ұстанымынан таймаған. Ғылым мен білім саласының дербестігін қорғап, ұлттық кадрларға қолдау көрсеткен. Бұл тарауларда оның батылдығы мен азаматтық позициясы оқырманға ерекше әсер қалдырады.
Еңбекте тұлғаның тәуелсіздік жылдарындағы қызметіне де кең орын берілген. Ол Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясын құрып, оның ғылыми деңгейін көтеруге зор үлес қосты. Парламент депутаты ретінде елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, ұлттық мүддені қорғады. Бұл бөлімдерде автор Жолдасбековті заманға бейімделе білген, жаңа кезеңнің талаптарын түсінген басшы ретінде көрсетіледі.
Кітаптағы ең әсерлі тұстардың бірі – академик Зейнолла Қабдоловтің «От еді…» деген толғауы. «Бықсуды білмейтін, ылғи маздап жанатын от еді» деген жолдар Жолдасбековтің табиғатын дәл бейнелейді. Расымен де ол айналасына жылу беретін, өзгелерді жігерлендіретін тұлға болды. Құрылысшылардың, әріптестерінің естеліктері арқылы оның қарапайым еңбек адамына деген құрметі, талапшылдығы, әділдігі анық сезіледі. Ол жұмысшыларды марапатқа ұсынып, олардың жағдайына көңіл бөлген. Басшы бола тұра, кабинетте отырмай, құрылыс алаңында жүрген.
«Академик Өмірбек Жолдасбеков. Өмірі. Қызметі. Тағдыры» – бір адамның өмір жолы ғана емес. Бұл – тұтас дәуірдің шежіресі. Университет қалашығының салынуы, ғылымның дамуы, саяси күрес, тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістер – бәрі бір тұлғаның тағдырымен өрілген. Өмірбек Жолдасбеков – білім мен ғылым жолында күрескен қайраткер. Оның еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ұлт болашағы үшін жанын салған тұлғаның ғұмыры – шын мәнінде оттай маздаған ғұмыр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология факультеті деканының орынбасарлары Ш.Шортанбай, Ж.Саткенова
