БҚО аумағында ішімдік ішіп алып, қылмыс жасау фактілері 2 есеге артып отыр. Шайтан судан ұрттап, бөтелкелесіне жұдырық жұмсағандар да көбейген.Полицейлер осындай екі фактінің ізін суытпай ашып, күдіктілерді алысқа ұзатпай қолға түсірді. 

БҚО полиция департаментінің хабарлауынша, жыл басынан 78 ауыр қылмыс тіркелген. Көп жағдайда азаматтардың қылмысқа баруына алкогольді ішімдіктің буы себеп болған. Олардың қатысымен биыл 8 айда 15 факті анықталса, былтыр 6 жағдай орын алған екен. Мәселен, 26 тамыз күні осындай бір оқиға адам өміріне қауіп төндірді. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жолдасының мойын тұсын пышақпен жарақаттаған 1977 жылы туған тұрғынды қолға түсірді. Мән-жайды тексеру барысында екеуі ішімдік ішіп, соңы келіспеушілікке ұласқаны белгілі болған.

АСЫЛАЙ ҒҰБАШЕВА БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

БҚО криминалдық полиция қызметкерлері ұрлық-қарлұқтың алдын алу мақсатында адам аяғы көп шоғырланған сауда орындарында жадынама таратуды жалғастыруда. Іс-шара кезінде тәртіп сақшылары дүңгіршектерде оғаш қылығымен көзге түскен тұрғынды байқаған. Белгісіз азаматтан жауап алу барысында оның ер адамдарға арналған сөмкені, келесі сауда үйінен әйелдерге арналған екі халатты жымқырғаны әшкере болады. Оңай олжаға кенелмек болып, бейнежазбаға түсіп қалған 49 жастағы азамат бұрын бірнеше рет сотты болған. Аталған факті ҚР ҚК-нің ұрлық жасау және ұсақ-түйек жымқыру бойынша қос бірдей бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелді.