Бүгіннен бастап елдегі әуежайлар мен шекара бекеттерінде бақылау күшейеді. Ауруханалар мен емханалардағы медицина қызметкерлері маска киіп жүруі керек. «Сақтансаң сақтаймын» деген. Арқаны кеңге салатын уақыт емес, -деді үкімет басшысы Олжас Бектенов. Өйткені, әлемде маймыл шешегі ауруы дендеп келеді. Ал, Қазақстанда әзірге жағдай тұрақты. 

Елімізде  эпидемиологиялық жағдай тұрақты, маймыл шешегін жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелген жоқ. Деседе, сақтық шаралары қатаңдатылады. Әсіресе, Африка елдері мен инфекция тіркелген жерлерден келген басқа елдердің азаматтары қатаң тексеріледі. Қолайсыз елдердің тізімі үнемі жаңартылып, барлық қажетті алдын алу шаралары жүріп жатыр деді бүгін үкіметте баяндама жасаған денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев. 

ЕРЖАН НҰРЛЫБАЕВ ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Қазақстан Республикасының аумағында індеттің пайда болуы минималды.Осыған қарамастан, министрлік аталған инфекцияның ел аумағына енуіне жол бермеу үшін барлық қажетті профилактикалық шараларды қабылдауда. Бүгінгі таңда мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Осы инфекцияға күдікті науқастарды әкелу және сәйкестендіру жағдайында әртүрлі сценарийлер үшін медициналық қызметтердің әрекеттерінің алгоритмдері әзірленді»

 Ғалымдардың пікірінше, бұл аурудың жұқпалылығы жоғары емес. Сондықтан үрейге берілудің қажеті жоқ. Дегенмен, премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда маймыл шешегі таралмауы үшін әуежайлар мен шекара бекеттерінде бақылауды күшейтуді қатаң тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Көріп отырғанымыздай алаңдауға негіз жоқ. Қазақстанда қауіпті індетті жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ. Алайда арқаны кеңге салуға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі ахуалды әрі қарай бақылауда ұстап, жұқпалы аурудың ел аумағында таралу қаупін болдырмау бойынша алдын алу шараларын қабылдасын. Әсіресе, әуежайлар мен шекарадағы өткізу бекеттеріне қатысты».

Одан бөлек, бүгін үкіметте алдағы жылыту маусыма дайындық жұмыстары баяндалды. Алдағы қысқа дайындық мәз емес. Көмірді ерте осы бастан сатып алмаса, қазақстандықтар көмірсіз қалуы мүмкін. 6 өңірде, атап айтқанда Абай, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласында көмірді дайындау жұмыстары өте төмен. Жылу қазандықтары да толық жөнделіп бітпеген. 

 ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ: «Білім беру нысандарының дайындығы - 88 пайыз. Бес 5 өңір жоспардан қалыс келеді. Бұл Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар,Алматы, облыстары және Алматы қаласы. Денсаулық сақтау объектілері бойынша дайындық - 87 пайыз. Төмен көрсеткіштер Қарағанды,Алматы, Ақмола, облыстарында және Шымкент, Алматы қалаларында. Тұрғын үйлер бойынша дайындық жұмыстары 34,169 үй қамтылған, бұл жоспардың 68 пайызына жетеді.  Шымкент қаласында тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығының төмендігі байқалады».

Қысқасын айтқанда, жылыту маусымына бір айдай ғана уақыт қалды. Бірақ, дайындық жұмысының қарқыны тым төмен. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің де әріптестеріне көңілі толмайды. Жұмысына салғырт қараған басшылар жаппай жауапқа тартылатынын премьер-министр қатаң ескертті. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Бүгін басшылардың көпшілігі қанша жерден сенімді сөйлеуге тырысса да, жұмыстың нәтижелі болмайтынына менің көзім анық жетіп тұрған жоқ. Жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру қалыпты әдетке айналды. Яғни, дұрыс жоспарлау жоқ. Бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесін ауыстыра салу, құжат дайындау және отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан жылға қайталанып келеді. Әркім өз ісіне жауапты қарайтын болса, мұндай келеңсіз жағдайлар болмас еді».