Бұдан былай жүргізуші куәлігін алу қиындайды. Енді емтихан тапсыру барысы онлайн трансляция арқылы бақыланады. Оның үстіне автомектептен оқымағандарға  жүргізуші куәлігі мүлдем берілмейді. Оның өзінде де барлық жеке кәсіпкер өз бетінше автомектеп аша алмайды. Талап күшейді. Оған себеп, биыл 3,5 млн  жол жүру ережелері бұзылып, 8 мыңға жуық «мас» жүргізуші ұсталған. Олардың барлығы соттың шешімі бойынша көлікті басқару құқығынан айырылыпты. Жүргізуші куәлігін беретін арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы да ерекше бақылауға алынады. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жаңа жол жүрісі туралы заңды таныстырған Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты. 

ҚАЙСАР СҰЛТАНБАЕВ  ҚР ІІМ ӘПК ТӨРАҒАСЫ: «Емтихан қабылдау кезінде кейбір жемқорлыққа орын берілгені рас. Оны мойындаймыз. Бірталай қылмыскерлер ұсталғанын растаймыз. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі ішкі істер министрлігімен бірлескіп біраз жұмыстар жүргізіп, біраз қызмектерлер ұсталғанын растаймыз. Жемқорлықты жою үшін арнайы халыққа қызмет көрсету орталығындағы қызметкерлердің бүгінгі деңгейін мемлекеттік қызметшілерге теңестіру осы заңда қарастырылған. Келешекте олардың деңгейі осы мемлекеттік қызметшілермен теңеседі, жемқорлыққа қарсы жауапкершілігі де артады».