Бұдан былай ғалымдарға атағына қарай қосымша ақы төленеді. Мысалы, доктор PhD, ғылым кандидатының ай сайынғы жалақысына 92 мың теңге қосылады. Ал ғылым докторы 185 мың теңге көлемінде жалақысының үстіне қосымша ақы алады. Бұндай жаңашылдық арнайы норма ретінде жазылып, заңға енгізіледі. Бүгін мәжілісте ғылым туралы құжатқа енетін  жаңа өзгерістер жайлы Парламент мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов айтты. 

Елімізде ғылымды қолдауға ерекше көңіл бөлінбек. Барынша ғалымдарға жағдай жасалады. Атап айтқанда, жалақыларына қосымша үстемақы төленеді және бір жылға дейін демалыс беріледі, ол ақылы демалыс болады, орташа жалақы төлемдері тоқтамайды.  Яғни, ғалымдар үшін мұндай шығармашылық демалыс – ғылыми жұмыстарымен айналысуға, монография жазуға мүмкіндік береді.
 
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Қазіргі уақытта ғылыми зерттеу институттарында немесе университеттерде істейтін ғалымдарымыз өздерінің доктор PhD, ғылым докторы, ғылым кандидаты сияқты ғылыми дәрежелері үшін ай сайын жалақысына қосымша үстемақы алады. Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ақы беру ұсынылып отыр. Мысалы, доктор PhD, ғылым кандидаты қазір ай сайынғы жалақысына аталған ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңге үстемақы алса, енді ол қосымша доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың үстемақы, яғни жалпы 92 мың теңгені ай сайынғы жалақысына қосымша үстемақы ретінде алады».

Бүгін мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда қабылдаған ғылым мәселелері бойынша жаңа құжатта, әскерге барып борышын өтеп келген азаматтарға арнайы жеңілдік беру туралы норма да қарастырылды. Енді борышын өтегендер үшін оқуға түсерде жеңілдіктер беріледі. 

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Әскерге барып, өз борышын өтеген азаматтарға арнайы жеңілдіктер ұсынылды. Біріншіден, осы санат үшін арнайы квота енгізу ұсынылады. Екіншіден, олар осы квоталар шеңберінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына арнайы дайындалған емтихандар негізінде түсу мүмкіндігін алады».

Одан бөлек, бүгін Мәжіліс депутаттары мемлекеттік қызметшілерге қатысты заң жобасын мақұлдады. Жаңа құжат бойынша енді теріс қылық жасаған мемлекеттік қызметкерлер 2 жылға дейін қызметінен шеттетіледі. 

ДАРХАН ЖАЗЫҚБАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
 «Заң жобасы мемлекеттік қызмет туралы заңның бірнеше бабына түзету енгізуді қамтиды. Мерзімсіз тыйым салудың орнына мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған азаматты мемлекеттік қызметке қабылдауды шектеудің 2 жылдық мерзімі белгіленеді».

Сондай-ақ бүгін төменгі палата депутаттары отбасының шырқын бұзғандарға жазаны күшейтетін заң жобасын қабылдады. Қанша уақыттан бері қоғам арасында қызу талқыға түскен отбасылық зорлық-зомбылық туралы заңның қабылдануына қарсы дауыс берген депутаттар да табылды. 82 депутат жақтаса, 1 депутат дауыс бермеді, 2 депутат қарсы болды, 6 депутат қалыс қалды.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 
«Бұл заңдар барлық азаматтың, оның ішінде қоғамның ең осал мүшелері саналатын әйелдер мен балалардың құқығы мен мүддесін қорғауда қалқан болуға, мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін жетілдіруге, қоғамдағы тәртіп бұзушылыққа байланысты жауапкершілікті күшейтуге арналған. Бастысы, қоғамымыздың негізі отбасындағы береке-бірлікті нығайту құндылықтары енгізіліп отыр».

ЕРЛАН ҚОШАНОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Бүгін біз өте маңызды заң жобасын қабылдадық. Бұл құжат мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей бағытталды. Отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылық – қоғамда жиі талқыланатын өзекті және өткір мәселе. Аталған проблеманы құқық қорғаушылар мен депутаттар ғана айтып жүрген жоқ. Әйелдер мен балалардың қорғансыздығы жайындағы мәселе БАҚ-та, әлеуметтік желіде өте жиі көтеріліп жатыр. Аргессорлар мен абъюзерлердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегуде».

Бүгін Мәжілісте қабылданған бұл заң жобаларын енді Сенат депутаттары қарайды.