Бәрі қымабаттап жатыр. Сауда орталықтары мен базарлар азық-түлік пен киім-кешекке ойларына келген бағаны қояды. Мұндай бассыздыққа неге Үкімет жол беріп отыр? Осылай деген мәжіліс депутаттары биліктегілерге жерге түсуді ұсынды.

АНАС БАҚҚОЖАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Бүгінде бағаның көтерілгеніне осы сауда орталықтары мен сауда үйлері кінәлі, олардың қожайындары кінәлі деп ашық айта аламын. Бүгінгі таңда ірі сауда орталықтарының қожайындарының барлығы Forbes тізіміндегі олигархтар. Олар қоғамның ешбір талабына бағынбайтын мемлекеттің ішінен мемлекет құрып алған, - деді депутат. Баққожаевтың сөзінше, 2018 жылы сауда орталықтарындағы бутиктерді жалға беру құны 1 шаршы метріне 4 мың теңге болса, қазір 21 мың теңге. Яғни 5 есе өскен. Нәтижесінде киім-кешектің бағасы жыл сайын өсіп жатыр. Мысалы, 2018 жылы шұлықтың бағасы 300 теңге болса, қазір 1 500 теңге. Көп бутикте есептеуіш құрал жоқ. Соны пайдаланып, сауда орталықтары коммуналдық төлемдерге ойына келген бағаны қояды. Араны ашылғаны соншалық олар (сауда орталықтарының қожайындары – ред.) жалға беру бағасын қымбаттатып, 2-3 айға алдын ала депозит талап етеді. Осылайша маңдайы терлемей, миллиардтап пайда тауып отырған сауда орталықтары мемлекетке салық төлемеудің де амалын жақсы ойластырған. Олардың басым бөлігі жалға беру ақысын қолма-қол ақшамен алады немесе бутиктерде өздері ашып қойған жеке кәсіпкерлік (ИП) арқылы қосымша жалға беріп, кірістерін жасырып отыр. Осының барлығына наразы болған саудагерлерді «сауда үйінен шығарып тастаймыз» деп қорқытып отыр. Жұмыссыздықтың кесірінен амалсыз саудаға кеткен халық осылайша сауда орталықтарының айтқанына көніп отыр. Осы сауда орталықтарын қашан ретке қоясыздар? Сауда орталықтарында саудагерлермен бірігіп, қоғамдық бақылау орнатып, салықтық ревизия жасауға дайынсыздар ма?»

Ал, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев болса, жақын арада «үй жанындағы дүкендер» кооперациясы құрылатынын айтады. Мақсат: бизнес пен халық үшін қолайлы жағдай жасау. Сонда бұл шағын дүкендер көтерме сауда да жасай алатын болады. Яки, халықтың арзан бағадағы тауарға қолы жетеді деп сендірді министр.