Бүгін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры активтерінің бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға беру туралы келісімге қол қойды. 

Қаражаттарды беру Қазақстан Ұлттық Банкінің бағалы қағаздар нарығын дамыту және еншілес ұйымдардың активтерін басқарудан біртіндеп арылу стратегиясы аясында болмақ дейді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының басшысы.

ӘДІЛ ӨТЕМБАЕВ ҚДКБҚ ТӨРАҒАСЫ «Қордың активтері тек ең сенімді қаржы құралдарына инвестицияланатын болады. Мысалы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары, квазимемлекеттік сектордың субъектілері мен халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары. Олардың өтеу мерзімі 3 жылға дейін. Сондай-ақ кері РЕПО операцияларын айтуға болады. Енді осы бағдарлама активтердің табыстылығын арттыра түседі деген үміттеміз. Қор үшін басты міндет – арнайы резервтің қаражаттарын сақтау және олардың жоғары өтімділігіне қолдау көрсету».

Жеке басқарушылар алдында белгіленген эталондық портфельдің (бенчмарктың) табыстылық көрсеткішін арттыру мақсаты қойылған. Тәуекелдер туындаған жағдайда шартта Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры үшін оны біржақты ретпен бұзу мүмкіндігі қарастырылған.

АЙБОТА ЖАППАРБЕРГЕН ҚДКБҚ РЕСМИ ӨКІЛІ «Енді алғашқы кезекте, бәсекелі ортаға 200 млрд теңге беріліп отыр. Бұл үшін белгілі бір өлшем шарттармен 6 жеке басқарушы компания таңдап алынды. Соларға 20 млрд теңгеден 50 млрд теңге  аралығында 200 млрд теңге үлестірілді. Қор алғашқы кезекте басқарушы компаниялардың жұмысына баға беретін болады. Келесі жылы қор компаниялардың жұмысына қарай тағы да үлестіретін болады. Активтерді жеке бәсекелі ортаға беру процессі одан әрі жалғасатын болады»

Қордың арнайы резерві активтерінің мөлшері 1,3 трлн теңгені құрайды.  Таңдалған басқарушы компаниялар Қазақстанның қор биржасының композиттік индексіне  арқа сүйеп, соған қарай инвестициялайды. Кейін атқарылған жұмыстар мен инвестициядан түскен табыстылық композиттік индекстің көрсеткішіне қарай бағаланатын болады.