Алматы қаласындағы №207 мектеп-лицейінде жаңа оқу жылына дайындық аясында дәстүрлі "Мектепке жол" республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Сонымен қатар болашақ бірінші сынып оқушыларының мектепке бейімделуіне бағытталған дайындық кезеңі қорытындыланды.
"Мектепке жол" акциясының негізгі мақсаты – әлеуметтік осал, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық барысында қолдау көрсету.
Ізгі бастама №207 мектеп-лицей директоры Алия Сейдекаримқызының оқушыларға арналған ақжолтай тілегімен басталды. Іс-шара барысында балаларға оқу жылында қажетті мектеп құралдары мен рюкзактар табысталды.
Балаларға оқу құралдарын сыйға тарту сәті ерекше қуанышқа ұласты. Ұстаздар мен ата-аналардың қолдауы оқушыларға жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен бастауға мүмкіндік беріп, олардың білімге деген ынтасын арттыруға ықпал етті. Мектеп ұжымы игі бастамаға қолдау көрсеткен ұстаздар мен ата-аналарға алғысын білдірді. Мұндай қайырымдылық шаралары балаларға материалдық көмек көрсетумен қатар, қоғамдағы өзара қолдау мен жанашырлықтың маңызын да көрсетеді.
Сонымен бірге №207 мектеп-лицейінде бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндерге арналған дайындық кезеңі де өз мәресіне жетті. Бірнеше аптаға созылған сабақтар барысында балалар мектеп өмірімен танысып, жаңа ортаға бейімделуге мүмкіндік алды. Болашақ оқушылар мектептің тәртібі мен ережелерін үйреніп, алғашқы ұстаздарымен танысты. Сондай-ақ қатарластарымен қарым-қатынас орнатып, бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырды.
Мектеп ұжымы ата-аналар мен бүлдіршіндерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оқушыларға сәттілік, ізденіс пен шығармашылық табыс тіледі.
