Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдошыларымыз елге оралды. Франциядан Алматыға табан тіреген спортшыларды әуежайдан жанкүйерлері, туыстары, достары және БАҚ өкілдері ыстық ықыласпен қарсы алды.

Қазақстандық чемпиондарды  қарсы алуға жүздеген адам келді. Әуежайдың күту залында аяқ алып жүру мүмкін емес. Жиналғандардың көп болғаны соншалық, спортшыларды көре алмай сырт қалғандары да бар. Бәрінің ниеті бір. Париж төрінде көк байрағымызды көкте желбіретіп, ел абыройын асқақтатқан Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаевқа гүл шоғын беріп, қолдарынан алу.

Олимпиада ойындары - тек спорттық шара ғана емес, ол барлық мемлекеттердің ерік-жігері мен намысы додаға түсетін аламан. Париж Олимпиадасына дзюдодан 9 қазақстандық қатысып, 2 медаль еншіледі. Елдос Сметов соңғы үш Олимпиада ойындарына қатысып, бәрінен олжалы оралды. 2016 жылы Риода күміс жүлде жеңіп алса, Токио Олимпиадасын қола жүлдемен аяқтады. Осы жолы алтынын мойнына тақты.

НҰРБОЛ СҮЛЕЙМЕНОВ ДЗЮДОДАН ҚАЗАҚСТАН ЕРЛЕР ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: «Жақсылық ағамыздың арманы орындалды. Ол кісі ырымдап Елдосқа қасығымен тамақ берген. Қырық төрт жылдан кейін Елдос ағамыздың арманын орындады. Өте жақсы сезім. Ойын басталған күні алтын бердік. Өте қуаныштымыз».

Париж Олимпиада ойындарында қола медаль иегері атанған татами шебері Ғұсман Қырғызбаев қазақстандықтарға қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

ҒҰСМАН ҚЫРҒЫЗБАЕВ ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ  «Өте қатты толқып тұрмын. Керемет күтіп алып жатыр. Ризамын. Орын алғанда мынандай сезімді Алматыда сезіліп жатыр...»

Қазақ еліне қуаныш сыйлаған спортшыларымызды жанкүйерлері сән-салтанатпен, думандатып осылай қарсы алды. 

Сәрсенбінің сәтінде ел қоржынына алғаш болып қола медаль салған мергендеріміз Ислам Сәтпаев пен Александра Ле келеді.