Ақпан айы – Алатаудан арындап ұшқан мұзбалақ ақын, қазақ поэзиясының Хан Тәңірі – Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған болатын. Бүгінде еліміздің  әр өңірінде ақын өлеңдері жатқа оқылып, бірқатар танымдық-тәрбиелік бағдарламалар өткізілуде.

Ақиық ақынның артындағы жас ұрпағына қалдырған асыл мұралары қайта жаңғырып, жарыса шырқалуда. Бүгінде оқушыны оқытып жүрген оқытушылар да ұлы тұлғаның шығармаларына рухани қолдау көрсетіп, жырларын жарыса айтып, жарысты жандандыра түсті. Ондағы мақсат - Мұқағали Мақатаев шығармаларын ұстаздар арасында насихаттау.

ШАЯХМЕТ ИМАШҰЛЫ ҚР КИНО ҚАЙРАТКЕРІ, МҰҚАҒАЛИТАНУШЫ: «Мұқағали ағамыздың әруағы риза болсын әрқашанда. Қазақ айтады: «тіл түзелмей, мін түзелмейді. Біз тілімізді түзеудің бірден бір төте жолы –  көркем сөз оқулары, поэзия оқулары.  Ол енді Абай болсын, Мұқағали болсын тіл үйренудің төте жолы – поэзия деген құдіретті күш».

Айтулы кешке құрметті қонақ болып ұлы ақынның жақындары да қатысты. Тау тұлғаның тән тебірентер өлең шумақтарын естіп, ұстаздарға алғыстарын жаудырды.

ЖҰЛДЫЗ МҰҚАҒАЛИҰЛЫ М.МАҚАТАЕВТЫҢ ҰЛЫ: «Әр жерде, жер жерде тойланып жатыр әкеміздің туған күні. Әкеміздің құдіреті деп білеміз. Соған арттағы ұрпақтың поэзияға деген ықыласы артпаса, кеміген жоқ. Соған куә болып жүрміз»

БАҚЫТГҮЛ ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ М.МАҚАТАЕВТЫҢ КЕЛІНІ, М.МАҚАТАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚОРДЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: «Атамыздың өз сөзімен айтатын болсақ: күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарған ұлы жырдың жаратушысы, ұлы ақын, ұлы тұлға. Ол кісінің артында қалдырған жырлары, шығармашылығы уақыт өткен сайын халықтың жүрегінен орын алып жатыр. Оған дәлел, халықтың бір ай бойы сол атамыздың шығармашылығына үлкен поэзия кештерін өткізу, айлық өткізу. Бұл халықтың ақынның шығармашылығына деген махаббаты, үлкен сүйіспеншілігі»

Поэзия әлеміне жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған М.Мақатаев – күллі қазақ халқының мақтанышы.  «Өлсе өлер Мұқағали, Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім» деп ішкі жан дүниесін әсем бейнелей білген ақын өлеңдері – мәңгілік қазына болып қала береді.