Осыдан 17 жыл бұрын "Жас ұлан" студиясы ұсынған "Жаралы сезім" атты көркем фильм көрермен көңілінен шығып, ескірмейтін естелік болып ел жадында қалған. Айтулы туындының авторы ортаға ұзақ жылдар салып, фильмнің екінші бөлімін жарыққа шығарды. Туындының тұсау кесерін біздің арна тілшілері де түсіріп қайтты.

Мына дауыстар мен әуен көпшіліктің құлағына таныс шығар. Тәуелсіз Қазақстанның кинематографиясы енді дамып келе жатқан тұста қосыла алмай қиналған ғашықтар туралы фильммен көптің көзайымына айналған кейіпкерлер сағынған көрерменіне қайта оралды. Бірақ, бұл жолы фильм риясыз махаббаттың аясында емес, қоғамдық дерт -  есірткі мәселесі көтерілген.

ЕРКІН РАҚЫШҰЛЫ РЕЖИССЕР: «Кинода бірнеше қазіргі заманның актуалды мәселелері көтеріледі. Соның бірі – есірткі. Әсіресе, синтетикалық есірткі қатты ушығып кетті Қазақстанда. Соңғы мәліметтерге қарағанда біздің ел адам басына шаққанда көп есірткі қолданатын 10 мемлекеттің ішіне кіреді екен,. Мынау сол синтетикалық есірткінің қандай қасірет алып келетіндігін, оның жақындарына, денсаулығына қандай қасірет алып келетінін көрсету».

Фильмнен ғашығы үшін барын салған Қанат рөлін сомдаған Берік Арықбаев, достары Сократ пен "Бокс" лақапатымен белгілі Ақылжан Мақашев, күніне қазақша бір сөзден жаттаймын деген Иванды сомдаған Виталий Куприянов сынды бұрынғы актерлық құрамды да көре аласыздар. Тек, Қанаттың сүйіктісі болған Арай ғана белгілі себептермен киноға түспеген.

БЕРІК АРЫҚБАЙҰЛЫ АКТЕР, РЕЖИССЕР: «Бұл киноның жалғасы болатынын 3-4 жыл көлемінде Еркін ағамен бір сөйлескенімде естіген болатынмын. Іштеу дайын жүрдім. Әрине, уайымдаулар да болды. Себебі, 17 жыл бұрын көрермендер мүлдем басқа болатын. Ал, қазір заманға қарай адамдар да өзгерген, бәрін тез байқайды, түсінеді. Сол себепті, рөлімді барынша жақсы алып шығуға тырыстым. Халық өз бағасын бере жатар. Жалпы, түсірілім тобы мен Еркін ағаға үлкен алғысымды білдіремін»

Жаңа кейіпкерлерді сомдаған әртістер де алдыңғылардан қалыс қалмаған. Артылған сенімді жауапкершілікпен алып шыққан актерлар өз әсерлерімен бөлісті.

ӘСЕМ СЕРІКҚЫЗЫ АКТРИСА: «Әрине ол оңай шешім болған жоқ мен үшін. Себебі, алдында өзі ойнаған актрисасы бар, оның көрермені бар деген сияқты. Оны көрермендер іздейді. Әлі күнге дейін өзі неге түспеді? Деген сұрақтар келіп жатыр. Мен ойлаймын, әрбір адам осы киноны көру арқылы өзіне дұрыс тәлімдік жағынан жақсы әсер ала алады деп ойлаймын»

АБАЙ БАТЫРБЕКҰЛЫ АКТЕР «Түрменің ішіндегі сахналар өте ауыр болды. Өйткені, түрменің аурасы маған ұнаған жоқ. Маған кәдімгідей сезілді. Ол жақта қаншама адамдар отырды түрмеде. Мен үшін ауыр сахналардың бірі сол жақта болды. Қиыншылық болды. Маған аурасы қатты сезілді».

Режиссер Еркін Рақышев осы уақытқа дейін 20 жуық кино түсірген. Солардың бірі «Жетімдер» көркем фильмі. Алдағы уақыттарда режиссер сол кинолардың жалғасын түсірмек ойы бар. «Жаралы сезім – 2» фильмі 22 ақпаннан бастап көрерменге жол тартпақ.