Жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға бағытталған жыл сайынғы «Жасыл ел» жобасы бастау алды. Осыған орай Степногорск қаласы бойынша 16 мен 35 жас аралығындағы 120 адам еңбек жасағына қабылданды. Толығырақ тарқатсақ.

"Жасыл ел" бағдарламасы жастардың бос жүрмей, екі қолға бір күрек табуларына, ресми түрде жұмыс берушілермен қарым-қатынас орнатып, тәжірибе жинауларына және қоршаған ортаның жақсаруына  өз үлесін қосады. Жоба қатысушылары елді мекендерді және қала ішін абаттандырып, көгалдандырумен айналысады. 

 МЕРУЕРТ МАЙДАНОВА СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ «Өткен жылы 120 адамды жұмысқа қабылдағанбыз, биыл да дәл солай болды. «Жасыл ел» жобасы маусым-шілде айларында жүргізіледі. Степногорск қаласының жастары тек қала маңындағы жұмыстарға жұмылдырылады». 

Экологиялық жасақ мүшелері өз міндеттеріне қызу кірісіп кеткен. Олар күніне 4 сағат жұмыс істейді. Айлықтары, шамамен, 85 мың теңге. 

ДИАС ХАСЕНОВ «ЖАСЫЛ ЕЛ - 2024»  БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСУШЫ  «Бұл жұмыс жайлы мен өткен жылы құрбымнан естідім. Екеуміз келіп орналастық. Негізі маған бұл жұмыс ұнайды, өйткені, біз жастар болып қоршаған ортаны тазалаймыз және патриоттық сезіміміз оянады. Осы әрекетемізбен өзгелерге үлгі бола аламыз. Одан қалды, бұл ақша табудың бір жолы». 

Айта кеткен жөн, бағдарлама қатысушыларына берілетін жұмыс орындарының саны жыл сайын артып келеді. Жастар орталығының өкілдері қатысушыларды керектінің бәрімен қамтимыз, еңбекақылары дұрыс әлі уақытылы төленеді,-дейді.