Көмір адамзат үшін маңызды энергетикалық ресурс. Жаһандық энергияға сұраныстың жоғары болуына байланысты ол энергетикалық шикізат ретінде кеңінен қолданылуда.Осыған орай, Әл-Фараби атындағы КазҰУ жас ғалымдары көмірдің  улы газын азайтып, қызуын арттыратын әрі тыңайтқышқа да пайдалануға болатын әдісін ойлап тапты.Толығырақ келесі материалға назар аударсақ.

Жас ғалымдардың зертханасында жеті жоба әзірленуде. Солардың бірі – Қазақстанның төмен сұрыпты көмірінен биогенді метанның түзілуін модельдеу. Олардың сөзінше, бұл таза экологиялық әдіс. Көмір жағу кезінде атмосфераға әсер ететін газдар пайда болса, бұл арқылы оған еш зиян келмейді екен.

МАРЖАН ҚОЖАХМЕТОВА ҚОЛДАНБАЛЫ МИКРОБИОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТХАНАНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Көмір ең көп қолданылатын энергия көзі. Қазір оның көлемі азайып барады, сондықтан біз энергия өндірудің басқа балама әдістерін іздеудеміз. Ол биохимиялық процестер арқылы алынады. Яғни, көмірді әртүрлі қосылыстарға айналдыру арқылы көмірге микроағзаларды қосамыз. Қазіргі уақытта бұл жоба толығымен зерттеліп, негізгі жұмыстары аяқталды. Енді Қытай университетінің өкілдерімен сөйлесіп жатырмыз. Яғни, ендігі уақытта зертханада жасағанымызды енді көмір туған жерлерде қолданатын боламыз».

Қазіргі таңда бұл жобаға ғылыми қызметкерлер, магистранттар мен докторлардан жиналған 15-ке жуық адам жұмыс жасауда. Көмір қабатының метаны қазірдің өзінде штаттарда, Қытай мен Үндістанда қолданылуда. Сонымен қатар, бұл тұрмыстық жағдайда да өте пайдалы болмақ. Мысалы, газ пайдаланатын автокөліктерге де орнатуға болады. Бұл қауіпсіз әрі қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін жоба болмақ.