Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылған күніне орай ұйымдастырылған кампус тур университеттің бүгінгі келбетін, даму бағыты мен перспективаларын, сондай-ақ, стратегиялық басымдықтарын айқын көрсететін мазмұнды іс-шара болды. Филология факультеті ұжымы кампус тур барысында Farabi HUB инновациялық орталығы, Коммерцияландыру және креативті индустрия орталығы, Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының экспозициясы, Жерді қашықтықтан зондтау орталығы, ҚазҰУ Суперкомпьютер орталығының қызметімен танысты.
Бұл орталықтар университеттің ғылыми-инновациялық жүйесінің ажырамас бөлігі ретінде заманауи талаптарға сай құрылған. Атап айтқанда, ғылыми әзірлемелерді өндіріс пен нарыққа бағыттауға негізделген коммерцияландыру тетіктері, креативті индустрияны дамытуға арналған инфрақұрылым, дәрілік өсімдіктерді кешенді зерттеуге мүмкіндік беретін ғылыми база және ауқымды есептеулерді жүзеге асыратын Суперкомпьютер орталығы ҚазҰУ-дың технологиялық әлеуетінің жоғары деңгейде екенін дәлелдейді.
Аталмыш орталықтар ғылым мен білімді, инновация мен тәжірибені ұштастыра отырып, ұлттық және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті жобаларды іске асыруға жол ашатыны сөзсіз.
Сонымен қатар, университеттің жас ғалымдарға ерекше көңіл бөліп, олардың ғылыми зерттеулер жүргізуіне, стартаптар мен қолданбалы жобаларды дамытуына жан-жақты жағдай жасауы ҚазҰУ-дың ұзақ мерзімді дамуға бағытталған ұстанымын айқындай түседі.
Осы тұрғыдан алғанда, кампус тур университеттің тек мерейтойлық іс-шарасы ғана емес, оның ғылымға, инновацияға және жас зерттеушілерге деген нақты қолдауының айқын көрінісіне айналды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология факультеті деканының орынбасарлары Ш.Шортанбай, Ж. Саткенова
