Дін атын жамылып, қоғамды ала тайдай бүлдіріп, өз алдына жеке топ құрып, оған жастарды тартып жатқан радикалды ұйымдарға тосқауыл болу мәселесі кеше Мәжілісте көтерілген еді. Бүгін жоғары палата депутаттары да, діни ағымдардың жетегінде жүрген жастардың жағдайын тілге тиек етті.Олардың пікірінше асыл дінімізді өзгемен шатастырып, халықты теріс жолға салатындарды тиятын уақыт келді.

НҰРТӨРЕ ЖҮСІП ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Домбыра – харам», «сәлем салу – харам», «елдің бәрі хиджап пен ниқаб киюі керек» деген талаптар Конституциямызға қайшы келеді.ХХІ ғасыр – жаһандану заманы. Өркениет көшін бастап келе жатқан мемлекеттер қайда? Біз қайдамыз? Озық жұрт қазір жасанды интелектпен, технологиялық жетістіктермен айналысып жатқанда біз елімізді орта ғасырдағы деңгейге сүйремекпіз бе? Ата салтымыз бар. Халықтық қалпымыз бар. Қанша дәуірден бері қалыптасқан ұлттық құндылықтарымыз бар. Солардың бәрін тәрк етеміз бе? Ата дінімізді ардақтаудың, салт-дәстүрімізді сақтаудың орнына бүкіл қоғам болып өзге ағымдардың жетегінде кетеміз бе? Мәселе дабыл қағарлық деңгейге жетті».

Осылай деген Сенат депутаты шетелде өз бетінше діни білім алып келгендерді елде қатаң тексеріп, акридитациядан өткізу керек және жастар ресурстық орталығының әлеуетін көтеріп, дін істері басқармалары барлық өңірде қайта ашылса деген ұсынысын білдірді.