Жылу электр орталықтарын уақытында жөндеп, уақытында тапсырмағандар енді қатаң жазаға тартылады. Олар меншік иелері яғни монополистер мен жергілікті әкімдер. Алдағы жылыту маусымына деген дайындықты Үкімет басшысы Олжас Бектенов өзі тікелей бақылауына алатын болды. Өйткені, бұл аса жауапты жұмысқа соңғы жылдары шенеуніктер салғырт, немқұрайлы қарайтын болған. Ал, оның салдарын қыста қарапайым халық тартады. 

Биыл республиканың электр стансаларында 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны жөндеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 20,9 мың шақырым электр желілерін, оған қосымша 423 жоғары вольтты қосалқы стансаларды жөндеу қажет. Себебі, еліміздегі жылу желілерінің жартысынан астамы жарамсыз күйде. 

ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ «Орташа тозу деңгейі жылу желілерінің 53%-ы тозған және шамамен 7 мың шақырым ауыстыруды қажет етеді. Атап айтқанда, жылу желілерінің Павлодар облысында (Екібастұз – 91%, Павлодар – 83%), Ақмола облысы (Степногорск – 82%, Атбасар-76,5%), Солтүстік Қазақстан облысы (Петропавл-74%), Қостанай облысы (Арқалық – 68%, Рудный – 68%), Маңғыстау облысы (Ақтау – 71%) және Қарағанды облысы (Теміртау – 67%) тозығы жеткен. 2030 жылға дейін жылу желілерінің тозуын 43%-ға төмендету керек. Жыл сайын шамамен 350 шақырым жылу желілерін жөндеу қажет. Оған жылына шамамен 250 млрд теңге қаражат керек».

Үкімет тиісті қаражатты бөліп, жөндеу жұмыстарын қазірден бастауға дайын. Әлеуметтік-экономикалық маңызы бар бұл саладағы жұмыстардың қалай жүретіні тікелей жауапты меншік иелері мен жергілікті әкімдерге байланысты.  Енді өз ісіне салғырт қарағандарға жаза қатал, талап жоғары болады. Оны үкімет басшысы тікелей өзі қадағалайды. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ «Жергілікті жерлерде барлық әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің 2-ші Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8-қаңтардан бері әлі күнге дейін басталған жоқ. Ұлытау облысы да Жезқазған Жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріскен жоқ. Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек».

Бүгін үкіметте Атом электр станциясына қатысты мәселе де көтерілді. Биыл жыл соңында жалпыхалықтық референдум өтеді деген жалған ақпарат деді энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев. Нақты қашан референдум өтетіні және атом электр станциясының салыну, салынбауы әзірге белгісіз. Айтпақшы бүгін үкімет отырысы басталмас бұрын күні кеше цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі болған су жаңа шенеунік Жаслан Мәдиев ант беріп, ресми түрде жұмысына кірісті. Халықтың жаңа министрден үміті көп. Байланыс бағасын реттеп, шалғайдағы ауылдарға жоғары жылдамдықты интернет жетізе ме деп ауылдағы ағайын Астанаға елеңдеп жүр.