Сапасыз жолдың зардабын қарапайым халық көруде. Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Игілік ауылының тұрғындары ауыл арасында қатынайтын тас жолдың қиындығын көріп келе жатқандарына бір жыл уақыт өткен. 

Бурабай және Зеренді ауданын жалғап тұрған тас жолдың 6 шақырымының сиқы осындай. Алыстан ағайынымыз келсе, көлігін көрші ауылға қалдырып, өзіміз күтіп алуға мәжбүрміз дейді тұрғындар. 

ДӘСКЕН ЕЛЕМЕСОВ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ИГІЛІК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ  «Шын айтқанда машина да шыдамайды уже. Тарс-тұрс. Қаладан, Астанадан туыстарымыз келсе Кеңесарыға машинасын қояды. Біз келіп күтіп аламыз. Жол нашар болғасын.Жолдың жөнделмегеніне жылда бір қырып өтеді былтыр неткен, 3-4 жыл болды текущий-текущий деп, жартылай ғана істелінеді. Жартылай ғана. Мына жақ вообще істелінбейді. Біздің жақта 2-3 жыл болған шығар істелінбегеніне.Жауынды күні жолдың жағдайы өте нашар. Езіліп кетеді. Полевой жол сияқты. Сазы бетіне шығып, езіліп кетеді. Жүре алмаймыз». 

Жоспар бойынша жол жөндеу келесі жылға қарастырылған. Бірақ, халықтың жан айхайын естіген облыс әкімі Марат Ахметжанов жөндеу жұмыстарын биылдан қалдырмауға тапсырма берді.

ЕРХАН ҚАЛЫМОВ БУРАБАЙ АУДАНДЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ «Ақмола облысы әкімінің тапсырмасы бойынша Бурабай ауданы автомобиль жолдары бөлімімен сметалық құжат дайындалады. Құжат дайындалғаннан кейін маусым айында конкурс процедуралары жүргізіледі. Содан кейін Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына өтінім жібереміз. Қаражат бөлінгеннен кейін жөндеу жұмыстары басталады. Егер де қаражат бөлінсе, жұмыстарды бастаймыз». 

Ай санап күтіп жүрген қараша жол жазда қалыпқа келетінін естіп, көңілдері орнына түсті. Ендігі мәселе жұмыстың сапалы әрі уақытылы бітуінде.