Көкшетаудағы балабақшалардың бірінде жұмыс істеген  есепші екі жыл бойы мекеме меңгерушісінің электронды цифрлық қолын пайдаланып, өзіне көтерме еңбекақы аударып келген. Осылайша 2021-2022 жылдары 7 миллион теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырған. ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-шы бабы, 3-ші тармағының 1-ші бөлігі бойынша аса ірі көлемде алаяқтық жасаған.

Оның кінәсі аудиторлық компанияның сараптамасымен, куәгерлердің айтуымен және өтем туралы есепшоттармен  дәлелденді.  Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындады, шығынды ішінара өтеді. Көкшетау қалалық сотының үкімімен 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге материалдық жауапкершілікке қатысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Келтірілген материалдық шығын өтеліп алынды. Сотталушының қарауында кәмелетке жасы толмаған үш баласының болуы ескеріліп, жазасын өтеу 5 жылға шегерілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сот сонымен қатар лауазымды тұлғалардың тікелей міндеттеріне салғырттық танытқаны үшін  және тиісті бақылаудың болмауына байланысты облыстық білім басқармасына қатысты жеке қаулы шығарды.