Төл теңгенің айналымға енгеніне биыл 30 жыл. Алғашында қазақтың ақшасына жұртшылықтың күмәні болғаны да жасырын емес. Уақыт өте келе әлемдік деңгейде өз орнын қалыптастырды. Теңгенің алғашқы шыққан күніне бастап оған қызығушылық танытқан жандар коллекция жинай бастады. Мысалы, жүз теңгені жүз мыңға сатып алар ма едіңіз? 500 теңгелік монетаны 220 мыңға ше? Ал, сирек кездесетін немесе ескі ақшаларды жинаумен айналысатын коллекционерлер жұртта жоқ тиын мен купюраны өте қымбатқа сатып алуға дайын. Тіпті, көздеген ақшасын қолға түсіру үшін өзге қалаларға баруға да ерінбейді. Өздерінің мұндай қылықтарын екінің бірі түсіне бермейтінін де мойындайды. Дегенмен, ешкімде жоқ банкнотаны иемдену үшін олар көп нәрсеге даяр.

Он теңгені он мыңға сатып алуға дайын жандардың бірі көкшетаулық Виталий Шамаев. Сирек купюраларды жинауды 10 жасында бастапты. Қазір сөресінде небір ақша бар. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаев таныстырған Әл-Фараби, Құрманғазы, Сүйінбайлар бейнеленген алғашқы ұлттық теңгелерді де, қолданысқа шықпай тек банкте ғана сақталатын мерейтойлық монеталарды да көруге болады. Сіз бен біз елемейтін, сандықтың түбінде шаң басып жатқан купюра коллекционер үшін таптырмайтын асыл дүние. Ал, сатушыны әп-сәтте байытуы бек мүмкін. Өйткені, коллекционерлер сирек купюра үшін қомақты қаржы беруге әзір.

ВИТАЛИЙ ШАМАЕВ КОЛЛЕКЦИОНЕР: «Шоқан Уәлиханов бейнеленген АА сериялы мына банкнота өте сирек кездесетін купюра. Және оның құны да қымбат. Мұқият қарасақ, бұл купюра қолданыста болған, кей жерлері аздап жыртылған, майысқан, дегенмен қымбатқа өтеді. Осы күйінде 5-10 мыңға сатылады. Ал, егер жағдайы жақсы, банктен күні кеше шыққандай жып-жылтыр болса, бағасы бірнеше есеге жоғарылайды».

Бұрынғы ақшалар біздің есімізде болмағанмен, коллекцинерлердің көзінен де көңілінен де кете қоймаған. Бос уақытында ақшалардың шығу тарихын зерттеп, қолына түскен әр банкнотаны аса мұқияттылықпен сақтайтындардың бірі  көкшетаулық Еркеш Қайыржан. Қоржынындағы кейбір купюралардың түрін біз сияқты қарапайым адамдар ұмытып та қалған. Бір қарағанда көзге көрінбейтін әр купюраның ерекшелігін коллекционерлер анадайдан байқайды. Біреуінің сериясы ерекше болса, енді бірінде бір сан бірнеше рет қайталанады.

ЕРКЕШ ҚАЙЫРЖАН КОЛЛЕКЦИОНЕР: «Осыдан бірнеше жыл бұрын маған әжем мынадай керемет монетаны сыйға тартты. Бұл таза күмістен жасалған, 1888 жылғы. Маған қатты ұнап қалды. Содан кейін сирек кездесетін ақшаларға назар аудара бастадым. Ақшаны жинаудың да реті бар. Мысалы, бүгін жинап жүрген ақша уақыт өте инфляцияға ұшырап құнсызданып қалады. Ал, мынадай ақшалардың құны уақыт өткен сайын қымбаттайды. Өйткені, оңай табылмайтын сирек дүниеге айналады».

Жастайынан коллекционер атанғандардың бірі Юрий Лысиков. Жасым жетсе де, сүйікті ісіммен айналысуды тоқтата алмай келемін,-дейді ол.

ЮРИЙ ЛЫСИКОВ, КОЛЛЕКЦИОНЕР «Бұл қанымызға сіңіп қалған әдет. Әйтпесе, қылшылдап тұрған жас кезіміз жоқ. Осыны қою керек деп қанша рет оқталсам да, қоя алмаймын. Жұртта жоқ ақшаны көрсем, алғым келіп тұрады».

Коллекционерлер өздерінің жанына рахат сыйлайтын іспен айналысумен қатар, ел тарихының ұмытылмауына үлес қосып жүр десек артық айтпағанымыз. Өйткені, әр купюра ел дамуындағы белгілі бір кезеңдермен байланысты.