"
"Көкшетау қаласының «Бірлік» шағынауданында орналасқан 170 жаңа үйде 5 жыл бойы тұрғындар көше атауынсыз өмір сүріп келген. Бүгінгі таңда, 4 көше «Позиция» ретінде тіркеліп тұр.
Осы жағдайға байланысты, дәрігерлер де, полиция қызметкерлері де, өрт сөндірушілер де қажет жағдайда бұндай атаусыз көшелерге бара алмайды. Тіпті, бұл жерлерде атауы бар тақтайшалар да жоқ. Сол себепті, тұрғындарды әртүрлі нысандардан алып кету үшін тек мектеп пен жақын маңдағы дүкенді нұсқаулық ретінде қолдануға тура келеді. Осы мәселе тұрғысында тұрғындар көптеп шағым түсіруде.
ЖАННА МӘЛІКҚЫЗЫ КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Әлі күнге дейін біздің осы көшелеріміз атаусыз қалып тұр. Оның енді бірнеше бізге деген кедергісі бар және де бізге ол көшелеріміздің атауы жоқтығы біраз мәселені тудырып тұр. Өйткені жедел жәрдем шақырған кезде сол көшелерді таба алмай әлек болады сол жүргізушілер. Және де мынау доставка деген бар, әр түрлі қалалардан товарлар заказ берген кезде қонақтар, туыстарымыз келіп жатқан кезде осы үйлерімізді таба алмай біраз әлекке түсіп жатады.Соның бәрі бізге ыңғайсыз болып тұр. Кейбір де дәл, шұғыл керек болған кезде такси заказ берсек таксидің өзі де таба алмай қалады».
Бұл мәселе қалалық әкімдіктегілерге бұрыннан жеткен. Осы жылдың көктемінде, тұрғындар арасында тыңдалым өткізіліп, шағын ауданның көшелерін қазақ билерінің атымен атау туралы ұсыныс тасталған. Алайда, бұл ұсыныс қабылданбады.
КҮНІМ ОРАЗБАЕВА КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Берілген күні көпшілік тыңдаулар өткізілді. Алайда қоғамдық кеңес мүшелерімен де, көпшілік тыңдауға келген жұртшылықтың да шағын ауданға билердің есімін беру дұрыс болмайтынын алға тартып, қолдау білдірілмеді. Дауыс беру нәтижесіне сәйкес көпшілік тыңдаудан «Бірлік» шағынауданының көшелері қайта қарауға жолданды және хаттамадан алынып тасталды».
Қазіргі таңда аталған позицияларға көше атауларын беру туралы жұмыстар жүргізіліп жатыр, жылдың аяғына дейін бұл мәселе шешімін таппақ.
Бөлім мамандары тұрғындардан шыдамдылық танытуды сұрайды. Атау және қайта атау жұмысымен қалалық ономастикалық комиссия айналысады. Себебі, 6 айдан 1 жылға дейін созуға болатын арнайы ережелер бар.