Кениялық марафон бойынша әлемдік рекордшы Кельвин Киптум жол апатынан қайтыс болды. 24 жастағы спортшы жаста болса бас болып, біраз жетістіктерге жетіп, Отандастарын жеңісімен қуантқан болатын.

Киптум классикалық қашықтықты екі сағат бір минуттан аз уақытта жүгіріп өткен әлемдегі жалғыз адам болды. Ол сонымен қатар тарихтағы ең жылдам жеті марафон уақытының үшеуіне қатысты. Келвиннің өзі және оның жаттықтырушысы Руанда Гервайс Хакизимана жол апатынан қайтыс болды. Оқиға жексенбі күні Кенияның Рифт алқабында, спортшының туған ауылына жақын жерде болған. Полицияның хабарлауынша, марафоншының өзі көлік жүргізген. Ол тізгінге ие бола алмай, жолдан шұңқырға ұшып кетіп, үлкен ағашқа соғылған. Көлікте бір әйел де болған. Ол аман қалды, бірақ жағдайы ауыр. Киптумның отбасы болған оқиғаға сене алар емес. Оның артында әйелі, екі кішкентай баласы қалды.

АСЕНАТ ЧЕРУТО РОТИЧ КЕЛЬВИН КИПТУМНЫҢ ӘЙЕЛІ: «Ол өте көп уақыт жаттығатын. Кейде кеш уақытта келгенде «Қатты шаршап қаласың. Демалсаңшы» деп айтатынмын. Бірақ ол: «Жоқ, бәрі жақсы», - деп жүре беретін».

Киптум өткен жылдың қазан айында Чикаго марафонында 2 сағат 35 секундта жүгіріп өтіп әлемдік рекорд орнатқан болатын. Сәуірде Роттердамдағы жарыста марафондық қашықтықты екі сағаттан аз уақыт ішінде аяқтап, жаңа рекорд орнатуды да жоспарлаған. Сондай-ақ шілде айында Парижде Олимпиада ойындарында дебют жасайтын болған. Бұған дейінгі марафон рекордын 2022 жылы оның отандасы Элиуд Кипчоге орнатқан болатын. Ол қашықтықты екі сағат, бір минут, тоғыз секундта жүгіріп өтті.