Ақтаудағы МАЭК мекемесі табиғи газбен жабдықтаушы компанияға 15 миллиард теңге қарыз. Таяуда Үкімет резервінен бөлінген 5 миллиард теңге сол берешектің бір бөлігін өтеуге жұмсалмақ.
Энергокомбинат жылына 2 миллиард текше метр газ тұтынады екен. Кәсіпорынға барған Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин МАЭКтің жай-күйін өз көзімен көріп, бірқатар мәселелердің шешілу жолдарын қарастырды.
ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ «Алдағы 2-3 жылда тек қана күрделі жөндеумен шектеліп қоймай, ол да керек жұмысты бір қалыпты ұстап тұру үшін. Ал жалпы өзінің толық қуатын беру үшін бұған модернизация керек. Бұл жұмыстарды жасау үшін қазір жобалық-сметалық құжаттар жасақталып жатыр. Үлкен қаржылар керек.Екінші Үкімет беретін қаржы тек бір жылға беріледі. Былтыр біраз қаржы кері қарай кетті. Сондықтан қаржыны игеруге уақытты бөлу керек».
Былтыр МАЭК-ті модернизациялау мақсатында Үкіметтен 5 миллиардқа жуық қаржы бөлінген. Алайда бұл соманың тек 1 миллиард 669 миллион теңгесі игеріліп, қалғаны мемлекетке қайтарылыпты. «Өйткені өндіріске қажетті қосалқы бөлшектер шетелде жасалады. Оны жеткізу, құрастыру әрі іске қосуына кемі екі жыл уақыт керек. Сол себепті кәсіпорын басшысы мемлекеттен бөлінетін қаржыны игеру мерзімін ұзартуды сұрап, заң шығарушы органға жүгінген. Айта кетейік, МАЭК – Ақтау қаласын қоса алғанда, өңірдегі елді мекендер мен кәсіпорындарды электр және жылу энергиясымен, сондай-ақ ауыз су, ыстық және техникалық сумен қамтамасыз ететін Маңғыстау облысының ірі энергия кешені.