Маңғыстау облысында мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған арнайы спорт кешені жоқ. Соның салдарынан салауатты өмір салтын ұстанған азаматтар әр жерде жаттығып жүр. Кейде спортпен шұғылданатын жабдықтардың жетіспеушілігінен апталап кезек күтуге мәжбүр. Бір айта кетерлігі, тәуелсіздік жылдары өңірде ондаған спорт ғимараты бой көтергенімен мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік берілмеген. Тағдырдың емес, мамандардың салғырттығынан әбден шаршаған параспортшылардың мұңын тілшіміз жеткізіп көрсін.
Ғани Есентеміровтің ауыр атлетикаға келгеніне 5 жыл болған. 2-топтағы мүгедектігі бар азамат бүгінде пара пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бұл дәрежеге жету оңай болмады. Себебі тыңғылықты дайындық жүргізуге жаттығу залы жетпейді. Ұлтарақтай жерде зіл темірді көтеретін үш құрылғы бар. Оның біреуін спортшылар өздері қолдан жасап алған. Шұғылданғың келсе кезек күтесің,-дейді спорт шебері.
ҒАНИ ЕСЕНТЕМІРОВ ПАРА ПАУЭРЛИФТИНГТЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ:«Аслан Сүйіншалиев деген тренеріміз осы жерде жұмыс істейді. Сондықтан біз залдың бір шетіне өз заттарымызды қойып, осы спортпен айналысып жатырмыз. Ал өзімізде негізі 27-52 – ның артында ангар бар. Ол ангар санаулы бір спортты қамтиды. Волейбол, боча отырып ойнайтын».
Ал жеңіл атлетшілердің арасында әр түрлі топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Жыл 12 айдың ыстығы мен суығында да жағдай жасалмаған жерде жаттығу жасауға мәжбүр. Соған қарамастан Республикалық, халықаралық додаларда облыс атын абыроймен қорғап жүр. Ал спортшылардың киім ауыстыру бөлмесінің сиқы мынау. Жағдайы айтпаса да түсінікті.
НҰРЛЫБЕК ҚОЖАБЕКОВ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: «Зал жоқ. Орысша айтқанда ешқандай «условия» жоқ. Қыста енді, пока салқын енді. Шынын айтқанда зал жоқ. Қайда барамыз? 27-ге барамыз. Бірақ ол жерде копье лақтыра алмайды. Ештеңе істей алмайды ол жерде».
Бүгінгі таңда өңірде мүмкіндігі шектеулі 27000-нан аса адам болса, оның 7 мыңға жуығының спортпен шұғылдануға рұқсаты бар. Олар Ақтау мен Жаңаөзен қаласындағы ангар типіндегі арнайы спорт залдарда жаттығады. Бірақ оның өзі барлық спорт пен спортшыны қамтамасыз етпейді. Сондықтан заманауи әрі, үлкен орталық қажет.
ҚАНАТ ЖҰМАБАЕВ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «42 шағын ауданнан 22-дай жер Маңғыстау облыстық спорт басқармасына берілді. Соған болашақта спорт залдарын салатын боламыз. Жаңа айтқандай болашақта стадион жоспарын қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға ұсыныстарымызды дайындап отырмыз. Бір бөлігінде мүмкіндігі шектеулі спортшыларымызға бір спорт залы болады».
Басқарма өкілі спорттық бәсекелерде жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға қаржылай қолдау тұрақты деп отыр. Сондай-ақ, сайыс сапарының да шығынын өтейтіндерін алға тартты. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдаудан бөлек, демеушілер тартуға сөз берді.