Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан ел азаматтарын марапаттау рәсіміне  қатысты. Президент, ең алдымен, бұл бұрын ешқашан болмаған ең жойқын табиғи апат екенін атап өтті. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Жалпы, ел көлемінде 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басты. Қасым-Жомарт Тоқаев топан сумен күреске күштік құрылымдардың 63 мыңнан астам қызметкері атсалысқанына назар аударды. Құтқару операциясы барысында 120 мыңнан астам адам, оның ішінде 40 мың бала қауіпсіз жерге көшірілді. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Бұл – құтқарушылар мен ұшқыштардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әбіш Кекілбаев «Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқының тағдырынан тыс қалу» деп айтқан. Ұлттық еріктілер желісі табиғи апат болған сәттен бастап ерекше белсенді болды. 50 мыңнан астам волонтер көмек керуендерін ұйымдастырды. Олар апат аймақтарына азық-түлік және басқа да қажетті заттарды жеткізуге атсалысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы ортақ іске мол септігін тигізді».

Президент баспанасыз қалған адамдарға «Қазақстан халқына» қорынан тұрғын үй салуға қаражат бөлінгенін айтты. Жалпы, 2200-ден астам үй салынады. Сондай-ақ 10 мыңға жуық баспана күрделі жөндеуден өтеді. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Тасқынның зардабын жоюға бірқатар кәсіпкеріміз қомақты қаражат бөлді. Олар әрдайым туған елімен бірге екенін нақты іспен дәлелдеді. Ұлт мүддесіне сай жауапкершілігі мол кәсіпкерлік дегеніміз – осы. Әрине, қалыс қалған кәсіпкерлер де аз емес, олардың кім екенін де жақсы білеміз. Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Әркім өз таңдауын жасады». 

Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы шараларға белсене атсалысқан бір топ құтқарушыны, волонтерлер мен қоғам белсенділерін, әскери қызметшілер мен дәрігерлерді, қарапайым жұмысшыларды, сондай-ақ кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдерін марапаттады.