Ақмола облыстық соты сот алқасының шешімімен «ГрадСтройСервис» серіктестігі лицензиясынан айырылды. Аталмыш серіктестік өз міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамаған. Олқылық облыс әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша өңірде әлеуметтік сала нысандарындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысына тексеру жүргізу кезінде анықталды.

Тексеріс жұмыстарын жүргізген мамандар жөндеу кестелерінің айтарлықтай артта қалғанын әшкерелеген. Сонымен қатар, мемлекеттік стандарттар мен бекітілген жобадан ауытқулар анықталды. Нәтижесінде, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «ГрадСтройСервис» серіктестігін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танып, лицензиясынан айырды.

ЕЛДОС РАМАЗАНОВ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ «Бүгінгі таңда, тексеру нәтижелері бойынша 12 мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 мердігерге шартты бұзу, өсімпұл өндіріп алу және жосықсыз өнім беруші деп тану туралы талап арыздар берілді. Ақмола облыстық соты сот алқасының шешімімен «ГрадСтройСервис» серіктестігі лицензиясынан айырылды. Жұмыс уақытын және сапасын тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, ерекше бақылауда болады».

«ГрадСтройСервис» серіктестігіне салынған айыппұл мөлшері 4 миллион теңгеден асады. Бұл ұйым облыс аумағында білім және денсаулық сақтау нысандарында жөндеу жұмыстарын жүргізуге 28 келісім-шарт жасаған. Барлық жұмыстың жалпы құны 12 миллиард теңгеден астам. Жұмыс сапасын тексеру барысында мамандар айтарлықтай заң бұзушылықтардың бетін ашқан.

АИНА УӘЛИЕВА АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Осы мердігер бойынша Біржан сал ауданы Степняк қаласының бірінші жалпы білім беретін мектебінде, Целиноград ауданы Нұресіл ауылының нөмірі 48-ші мектебінде, Есіл қаласының Сайлау Серіков атындағы жалпы білім беретін мектебінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тексеру жүргізу кезінде жұмыстарды орындау мерзімдері бойынга бұзушылықтар анықталды. Жұмыстарды жүргізу кестесінен 2 айдан астам артта қалу, орындаушылық құжаттаманы жүргізу бойынша бұзушылықтар, сондай-ақ, бекітілген жобалардан және қолданыстағы құрылыс нормативтерінен айтарлықтай ауытқулар болды».

Жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізіліп, кестеден кешіктірілген нысандардың арасында Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласындағы бірінші мектеп те бар.

ВАЛЕРИЙ ГАМАЗОВ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Білім беру ұйымдары, қалалық, аудандық білім бөлімдері заңға сәйкес аталмыш мердігер мекемеге наразылықтарын білдірді. Бүгінгі таңда сотқа 12 иск беріліп, бесеуі бойынша шешім шығарылды. Серіктестіктен 5 миллион 374 мың теңге тұрақсыздық айыппұлы алынды».

Жалпы, қыркүйек айынан бастап облыс әкімінің тапсырмасына сай әлеуметтік маңызы бар 12 нысанға тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, 12 мердігер мен 1 техникалық қадағалаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 3 мердігер жосықсыз өнім беруші деп танылған. Салынған айыппұлдардың сомасы 9 миллион теңгеден асады.