Қостанай, Түркістан, Ақтөбе облысының үнемі, жыл сайын су астында қалатын ауылдарынан тұрғындарды жаппай көшіріп, ол жерде құрылыс салуға тыйым салу қажет. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов бүгін аяқ-асты Үкіметте осындай ұсыныс айтты. Министрлік су тасқынының алдын алуға дайын ба? Елдегі эпидемиалогиялық ахуал қандай? Бұл сұрақтар бүгін Үкімет үйінде талқыланды. Толығырақ алдағы бейнесюжетте.

Қыс шанаңды жаз сайла демекші, су тасқынына дайындықты үкімет бүгіннен бастап пысықтауда. Көктем келсе, топан судың астында қалып, құты қашатын халыққа Төтенше жағдайлар министрі бірқатар кеңес берді. Өзен маңындағы және су қорғау белдеулеріне жақын орналасқан елді-мекендерден халық көшуі қажет немесе үкімет өзі оған жағдай жасауы керек және ол маңда тіптен құрылыс салмаған жөн дейді. Айтуынша, ондай елді-мекендер: Қостанай, Түркістан, Ақтөбе облыстарында бар.

СЫРЫМ ШӘРІПХАНОВ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

«Су тасқыны жағдайына жедел ден қою мақсатында 39 мыңнан астам адам, шамамен 11 мың бірлік техника, 500-ден астам жүзу құралдары және 3 мыңнан астам мотопомпалары бар азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштер мен құралдардың арнайы топтары құрылды».

Су тасқынының астында қалмас үшін қарды уақытылы тазалау керек дейді министр. Осы мақсатта биыл әлеуметтік осал топтағы адамдардың ауласын қардан тазартуға басты назар аударылатын болды. Одан бөлек, бүгін үкіметте эпидемиологиялық ахуал сөз болды. Еліміздің бас дәрігері мен үкімет басшысы Әлихан Смайылов қазақстандық ата-аналарға үндеу жасады.Елімізде жыл басынан бері 2 мыңға жуық адам қызылша жұқтырған. Оның жартысынан көбі балалар екен. Сондықтан, бұл қауіпті індеттің алдын алмаса болмайды. Инфекцияны тоқтататын бір жол тек вакцинациялау.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

«Елімізде қызылшамен ауырғандар айтарлықтай өсіп кетті. Науқастар саны 31 мыңнан асты. Олардың 80%-ке жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың көпшілігі – тиісті екпе алмағандар. Екпе алмаған науқастардың ауруы асқынып кету қаупі жоғары. Мұндай жағдайлар қазірдің өзінде тіркеліп отыр. Өкінішке орай, ата-аналардың арасында екпені әдейі салғызбай, бас тартып отырғандар аз емес. Мұның соңы ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін».

Қызылшаға қарсы жаппай иммунизация жүргізу үшін Үкімет өткен жылдың қыркүйек айында резервтен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлген. Бұл ақшаға 1,5 млн доза вакцина сатып алыныпты.

АЖАР ҒИНИЯТ ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: «Барлық шалғай ауылдарда ауылдық жерлерде 2000-нан астам егу пункті 1100- ден астам мобильдік бригада ұйымдастырылды. Барлық бригада термоконтейнермен толық қамтамасыз етілді. Қаладан қарағанда ауылда егу шаралары қарқынды жүріп жатыр. Кейбір аудандар толық вакциналауды бітіріп те қалды. Ауылдық жерлерде жақсы жүріп жатыр».

Бас дәрігердің дерегінше, елімізде 800-ге жуық бала екпе алмаған. Сондықтан, министр Ажар Ғиният қазақстандық ата-аналарға үндеу жасап, тиісті екпелерді уақытында алуға шақырды.