«Ертегіге ұқсас есептеріңіз әдемі» Мәжіліс депутаттары министрлер жұмысына наразы. Олар елдегі ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге халық қалай күн көреді? дейді. Бүгін Мәжіліс «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған болатын. Толығырақ алдағы бейнесюжетте.

Бюджетте ақша жоқ. Оның барлығы халықтың ақшасы деген мәжілістегі депутаттар қазына қаражатының әр тиынын қызғыштай қорғау керек деген пікірде. Айтуларынша, ысырап көп. Керек емес іс-шараларды тоқтататын уақыт жетті дейді.

АНАС БАҚҚОЖАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бюджетте ысырап деген өте көп. Қазақта сөз бар, үзіп жеген үнемге жетпейді деген. Сауда және интеграция министрлігі. 7 зерттеуге 692 млн теңге бөлінген. Сауда саттықта нені зерттейді. Базардағы әйел бәрін айтып береді. Консалтинг деген барлық министрлікте бар. Ауыл шаруашылық министрлігінде ғана жоқ шығар. Мына 600 млн теңгеге пәтер алып 60 отбасын бақытты қылуға болатын еді мысалға».

Ал, депутат Ринат Зайытов болса, бір отбасын мысалға келтіріп, олардың бір айда тұтынатын тауарларының бағасын тізіп, аналиткика жасап келген. Алайда, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі депутатқа мардымды жауап бере алмады.

РИНАТ ЗАЙЫТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Ертегіге ұқсас есептеріңіз әдемі. Миллион, миллиард деген мен ондайға тілі келмейтін сайлаушылардың сұрақтарын қойғым келіп отыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қойғым келеді. Қолдарыңызда қаламсап пен қалам болса алсаңыздар жақсы болатын еді, мен Сіздерге цифрларды келтіремін. Өйткені, Сіздер цифрларды жақсы көресіздер. Бұл қарапайым арифметика. Орташа статистикалық отбасының бір айлық шығындары. Мысалы, 5 адамнан тұратын жанұя. Әкесі театр қызметкері, 115 мың теңге. шешесі кітапханашы, 85 мың теңгені алады. Бірінші бала студент мемлекеттік, екіншісі 6 сыныпта оқиды. Үшінші балабақшада. Нан 180 теңгеден 10800, сүт 810 теңгеден 8100 теңге. Шай 500 теңгеден. Жалпы шығын 254 мың 215 теңге. Есепке алмаған шығындар, киім, ойыншық, демалыс ойын –сауық, жеміс –жидек жемейді. Крем тағы басқасын алмайды. Енді менің Сіздердің министрліктеріңізге үлкен сұрақ. Қалай есептедіңіздер? Және осы отбасы қала күн көреді?

Айта кетейік, 2024-2026 жылдардағы бюджет шығысының басым бөлігі әдеттегідей әлеуметтік салаға жұмсалады. Ал халықтың табысын арттыруға 3,5 трл теңге қарастырылған. Қазына қаражатының әр тиынының тиісті жерге жұмсалуын енді депутаттар өздері тікелей қатаң бақылауға алмақ.