Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Жартылай финалда жұдырықтасқан отандасымызға түн ортасында жұрт жұмыла қолдау көрсетті. Назымның шаршы алаңдағы жекпе –жегін ата-анасы мен жақындары көгілдір экраннан тамашалады. 

Қазіргі кезде әр қазақстандықтың бойын олимпиадалық рух, жеңімпаздық көңіл күй мен ұлттық мақтаныш кернеп тұр десек артық айтқандық емес. Баласы бәйгеге шапса, үйде отырып, тақымын қысатын қазақ Назым Францияға аттанғалы бері демін ішіне тартып келді. Ал шаршы алаңға шыққанда әр  шаңырақ, әрбір қазақстандық қазақ қызының тілеуін тіледі. 

Кеше түнде алматылық жанкүйерлер жиналып жарысты экраннан тамашалады. Олардың арасында спортшының әкесі мен анасы да болды. Әсіресе, қызы үшін жанын шүберекке түйіп, қарауға жүрексінген ана жүрегі ерекше соққаны анық. Боксшымыз алғашқы екі кездесуде айқын басымдықпен жеңген болатын. Ал, өткен түнде 50 келі салмақта отандасымыз жартылай финалда қытайлық Ву Юмен қолғап түйістіріп, төрешілер шешімімен ұтылды. Алайда, Олимпиада ойындарының қола жүлдесін қанжығасына байлады. Назымның бұл жүлдесі — ел қоржынына түскен үшінші қола медаль.  

АБАЙ ҚЫЗАЙБАЙҰЛЫ  НАЗЫМ ҚЫЗАЙБАЙДЫҢ ӘКЕСІ «Оған да тәуба! Бірінші Олимпиадасы ғой енді. Қазағымды көтеріп жатыр енді. Қола алып тұрған бірінші қыз назым болуы керек осы».

КӘМШАТ ӨМІРБЕКОВА НАЗЫМ ҚЫЗАЙБАЙДЫҢ АНАСЫ «Өзінің арманы Олимпиадаға бару еді. Енді бара салып жеңіліп қалса, жаман күйде болар еді. Кішкентай кезінен боксқа жақын болды. 4-сыныптан бастап ұлдармен соғысып жүретін. Қаншама еңбек етіп келе жатыр. Басқа қыздар сияқты боксты тастап кеткен жоқ».

Бұл — Назым Қызайбайдың алғашқы Олимпиадасы. Ол осыған дейін әлем чемпионатында 2 рет топ жарып, 1 рет үздік үштікті түйіндеген. Сондай-ақ Азия чемпионы атанған.