Нигерияда әскери дронның кесірінен 85 адам қаза тауып, 66 адам жарақат алды. Бұл Төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық агенттігінің мәліметі. Куәгерлердің айтуынша, зардап шеккендер өте көп. Қайғылы оқиға Кадуна штатындағы Тудун-Бири ауылында болған. Ол жерге адамдар мұсылмандардың мерекесін тойлауға жиналған.

ТУДУН-БИРИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мәулітті тойлап жатқан едік, ұшқышсыз ұшақ келіп бомба тастады. Біреу өліп, біреу жараланып, бәріміз үйге жүгіріп кірдік. Бірдеңе болғанын естіген ер адамдар тексеруге сыртқа шықты. Ал сол кезде екінші бомба тасталды. Соның салдарынан көп адам қаза тапты».

Нигерия армиясының өкілі әскерилердің әуе шабуылын қателікпен жасағанын айтты. Олар әуеден бақылау жүргізу кезінде, бейбіт тұрғындарды лаңкестік содырлар деп ойлап қателескен.

САМУАЛ АРУВАН ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Нигерия армиясы лаңкестікке қарсы жоспарлы операция жүргізген болатын. Бірақ өкінішке орай Тудун Бірінің кейбір тұрғындары жарақат алды».

Армия қолбасшысы шабуылдар үшін кешірім сұрап, жаралыларды емдеуге кететін шығынды төлеуге уәде берді. Нигерия президенті Бола Тинубу бейбіт тұрғындарға жасалған әуе шабуылдарын мұқият тексеруге бұйрық берді. Бұл Нигериядағы мұндай бірінші оқиға емес. Армия қарулы бандаларға қарсы операциялар жүргізіп, оларға әуеден осындай соққы береді. Дегенмен, бейбіт тұрғындар бірнеше рет нысанаға алынған. 2017 жылдан бері 400 адам қайтыс болған. Тергеу жүргізілсе де, оның нәтижелері көпшілікке жиі жарияланбайды. Сарапшылар мұндай оқиғалардың жиі орын алатынын айтуда. Сонымен қатар, әскерилер мүлдем жазаланбайды. Тек армия қаза тапқандардың отбасына өтемақы төлейді.