Тасқыннан зардап шеккен СҚО Ойқала шағын аудан тұрғындарына жаңа баспаналар беріліп жатыр. Күткен қуаныштарына қол жеткізген тұрғындардың тыныс тіршілігі жайлы дайындалған материалға кезек берсек.

Үйі су астында қалып, тұруға жарамсыз деп танылған Татьяна Геворкян 2 ай күтіп «Бірлік» шағын ауданында тұрғызылған баспананың біріне ие болған. Қуанышы қойнына сыймаған ол жақындарына қоныс тойын жасамақ ниетте. Алдымен үй ауласын гүлмен көмкеріп, жеміс ағаштарын отырғызбақ.  

ТАТЬЯНА ГЕВОРКЯН ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ: «Петропавлда тасқын болып, үйім су астында қалған кезде мен Ресейде болдым. Жаңалықты БАҚ-тан, жақындарымнан біліп отырдым. Кейін 1 аптадан кейін елге келдім. Бізге таңдау берілген кезде,осы «Бірлік» ауданындағы жер үйді таңдадық. Жаңа үйіме жақын болсын деп емханаға да жұмысқа орналастым. Автобуспен барып келемін. Ең бастысы, ыңғайлы, өзіме ұнайды». 

Тұрғынның жаңа үйінің ауданы 80 шаршы метр, ескі үйінен шамамен 3 есеге үлкен. Татяьяна 100 АЕК көлеміндегі жәрдемақыға үйіне қажетті  жиһаздармен жабдықтап алған. Жаңа баспана қуанышты күндердің бастамасы боларына да сенімі мол.

ТАТЬЯНА ГЕВОРКЯН ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ: «Мұнда барлығы керемет. Үйде керекті жиһаздың біразы бар. Газ плитасы, кір жуу машинасы, тоңазытқыш және үстел мен орындықтар бәрі дайын тұр. Бұл біз үшін үлкен көмек. жаңа үйіме бүгін алғаш рет түнеймін. Жаңа баспанада жаңа өмір басталып, қуаныштар көп болады деп ойлаймын. Мемлекет басшысына, әкімдікке көп рахмет. Құрылысшы жігіттер де жақсы жұмыс істеді. Оларға да шексіз алғысымды білдіремін».

700 баспана салынатын «Бірлік» шағын ауданында бүгінгі күні 200-ден астам үй пайдалануға берілді.