Оралда жеке балабақшалардың бірінде шкаф құлап, 5 адам жарақат алды. Оның - төртеуі бүлдіршін. Зардап шеккендер бірден ауруханаға жеткізілген. Ақ халаттылардың  айтуынша, науқастар медициналық тексерістен кейін амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберілген. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, мектепке дейінгі білім беру ұйымы комиссия алдындағы дайындық шарасын жүргізіп жатқан. Болған жағдайға байланысты анықтау шаралары жүргізілген. Топ тәрбиешісіне қызметтік міндетін тиісті деңгейде атқармай, балалардың өмірі мен денсаулығына зақым келуіне жол бергені үшін қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілді дейді сала мамандары.

ДАНИЯР ИСКАЛИЕВ БҚО КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ТРАВМАТОЛОГ- ДӘРІГЕРІ: «Облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жедел жәрдем көліктерімен 4 бүлдіршін жеткізілді. Оларды кезекші травматолог, нейрохирург мамандар қарап шықты. Кеуденің, иық тұсының ауырсыну белгілері болды. Рентген қорытындысына сүйеніп, денсаулық жағдайы тұрақты болуына байланысты балалар үйлеріне жіберілді».