Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде Қазақ-Қырғыз халықаралық «Шығыстың шеберлері» кітабының тұсауы кесіліп, таныстырылымы өтті. Симпозиумның мақсаты: Қазақ-Қырғыз халықаралық қолөнер шеберлері, кәсіби суретшілер мен көркем еңбек пәнінің педагогтарының арасындағы мәдени құндылықтарды насихаттау, креативті индустрияны дамыту, өзара тәжірибе алмасу.

САЛТАНАТ ЖАПАРОВА ҚАЗАҚСТАН ЭТНО ДИЗАЙНЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Бұл жерде көркем еңбек пән мұғалімдерінің шеберлігін арттыру мақсатында, олардың осындай кәсіпқой шеберлерден алмасу мақсатында жасалып отыр. Шеберлік сыныптар болады. Бұлар өзіміздің қолөнерімізге бағытталған. Сонымен қатар киім үлгілеріне, мәдени құндылықтарымызды көрсету мақсатында ұйымдастырылып отырған іс-шара».

Бүгінгі жиында тұсауы кесілген «Шығыстың шеберлері» кітабында көркем еңбек пән мұғалімдерінің және кәсіпқой шеберлердің, суретшілердің шығармашылық туындылары енгізілген. Осы кітап арқылы шеберлердің шығармаларын дәріптеу мен болашақ ұрпаққа үлгі болу мақсаты басты назарға алынған. Айта кетейік, алдағы уақытта «Қазақстан этно туындылары» атты кітапқа Республика көлеміндегі шеберлер мен сәнгер, суретшілердің туындыларын басып шығару да жоспарда бар. Іс-шараға Қазақстан этнодизайнерлер одағы, «Жебе» баспасы мен мектеп мұғалімдері қатысты. Симпозиумда сәнгерлердің туындыларынан дефиле көрсетіліп, шығармашылық туындылар көрмесі ұйымдастырылып, шеберлік сабақтары қарастырылды.