"

Енді мектеп оқушыларына сабақ үстінде телефон ұстауға тыйым салынады. Мәжіліс заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Заңға мұндай норма енгізуге ұстаздардан түскен шағым себеп болған. Айтуларынша, бала мектепте смартфонмен отырса, сабаққа деген зейіні болмайды. Ал, сабақтан тыс мектептің дәлізінде телефон ұстауына шектеу жоқ. Одан бөлек, министр педагогикалық оқу орынын бітірген түлектерге қатысты жаңалықпен бөлісті.

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ: «Бітіруші түлектер жұмысқа орналасу алдында біліктілігін растау үшін міндетті түрде сертификаттаудан өтіп, содан кейін барып конкурсқа қатыса алады. Биылдан бастап министрлік колледждерге қойылатын біліктілік талаптарын күшейтті».

Айта кетейік, еліміздегі колледждерде мұғалім тапшы. Шамамен 5 мың маман жетіспейді. Сондықтан, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мұғалім болғысы келетін жастарды қолдау керек деді.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Енді оқыту сапасын арттырып, педагогикалық жоғарғы оқу орындарымен колледждердің студенттерін оқыту әдістемесін қайта қарау қажет. Қазіргі заманғы талаптардың барлығын ескеру қажет».