Палестиналықтардың мыңдаған адамы Газа қаласындағы Хан-Юнис лагерінде тұрып жатыр. Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, науқастар халық санының артуына және санитарлық жағдайдың нашарлығына байланысты ауру белгілерімен келеді.
Жергілікті билік, көмектің аздығы мен анклавқа түсетін дәрілердің шектеулілігін ескере отырып жақын арада денсаулық сақтау саласында дағдарыс басталуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Соджуд Наджм, оның күйеуі мен үш баласы басқа да төрт отбасымен бірге бір шатырда тұрады. Көрпе жетіспегендіктен жерде ұйықтайды.
СОДЖУД НАДЖМ – ГАЗА ТҰРҒЫНЫ: "Мен балалардың қолы мен денесін ең болмағанда құмнан тазарту үшін бөтелкедегі сумен шаямын. Толық шомылдыруға мүмкіндік жоқ. Таза киім де жоқ. Оларды отырғызуға болатын таза еден жоқ. Түнімен жөтеліп шығады. Үлкен ұлымның астмасы бар".
Ал 7 қазанда тұтқынға алынған израильдік адамдардың отбасылары туған-туыстарын босатуға шақырады. Орит Мейр өзінің 21 жасар ұлының тағдырынан әлі күнге дейін бейхабар. Ол ХАМАС қарулы содырлары шабуыл жасап, жүздеген жастарды өлтірген ашық аспан астындағы музыкалық фестивальде болған. Ол содырлардың желіге салған барлық видеоларын қарап шыққан. Ол жерден ұлын көрмепті.
ОРИТ МЕЙР – ИЗРАИЛЬ ТҰРҒЫНЫ: "Сол күннен бері ұлымды уайымдап жүрмін. Тірі ме, өлі ме білмеймін. Тірі болса қарны тоқ болса екен деп ойлаймын. Өзімде ас ішіп, ұйықтаудан қалдым".
Ал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығысты талқылаған отырыс өтті.Онда Иран елшісі өз елінің соғыс қимылдарына қатысы жоқ екенін және АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің айыптауы қате екенін мәлімдеді. Бұл ретте Иордания сыртқы істер министрі журналистерге қақтығыстың таралуы «үлкен қауіп» екенін айтты.
Ал Израиль СІМ басшысы БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришті сынға алып, оны отставкаға кетуге шақырды.