Парламент төрінде өтірік есеп беруді қойыңыздар. Болмаса жұмыстан кетіңіздер! Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрінің жауабына қанағаттанбаған мәжілісмен осылай деді. Бүгін Парламент Мәжілісі ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады. Толығырақ тілші тарқатады.

Әр азаматтың жеке деректерін құпия сақтауды енді мемлекет өз мойнына алады. Бүгін Парламент Мәжілісі ақпараттық қауіпсіздік туралы заңды мақұлдады. Енді заңмен жеке құжаттың көшірмесін жасауға тиым салынады. Бұл ел азаматтарының дербес деректерін сақтау үшін жасалуда. Осы заң жобасын талқылау барысында депутат Бақытжан Базарбек өкілетті органнан жер кадастрына қатысты деректер ашық әрі халыққа қолжетімді болуы керек емес пе деген сауал қойды.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«2016 жылы үлкен жерге қатысты митингтер болды. Салдарынан халық көтерілді. Ондағы ең негізгі мәселе жер кадастрын ашуға байланысты болды. Әрбір жердің артында қандай жемқор шенеунік, прокурор, әкім, судья және осы жүйемен ауыз жаласқан қандай олигарх тұрғанын халық білуі керек. Өкінішке қарай, бұл ақпарат ашылмады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі («Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы») заң жобасы жер кадастрындағы (мәліметті) ашуға көмектесе ме? Ертең жер кадастры ашылмай қалмай ма?»

МӘЛІК ОЛЖАБЕКОВ ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ,ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында біз ашықтықты қамтамасыз ету үшін арнайы жария кадастрлық картаны іске қостық. Оның негізінде жер учаскелері туралы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік ұйымдастырылатын болады. Ал қазіргі уақытты осы жария кадастрлық картаның негізінде жер құқықтық және қала құрылысы кадастрларының деректері жарияланды».

 Алайда, жауапты органның жауабына депутат еш қанағаттанбады.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Қазақта «Домбырам не дейді, мен деймін» деген мақал бар. Мен сізден жария кадастрлық карта туралы сұрап тұрған жоқпын. Мен сізден жердің иесі кім? деп сұрап тұрмын.Жердің иесі мен оның аты-жөні туралы ақпарат ашық болуға тиіс. Орхус конвенциясына қосылдық. Конвенцияның күші Конституцияның 4-бабына сәйкес ұлттық заңнамадан басым болады. Өтірік әңгімені қашан тоқтатасыздар? Жер кадастрын ашу керек. Халықтың мұңы осы. Мұндай өтірік әңгімені Парламент төрінде айтуды қойыңыздар. Болмаса, жұмыстан кетіңіздер».

Ал, депутат Нартай Аралбайұлы болса, жастар болашағына алаңдаулы. Жастар ресурстық орталығының жұмысын сынады. Айлығы шайлығына жетпей  90 мың теңгеге жұмыс істеп жүрген жаз азаматтар бар екенін айтып, олардың жалақысын көтеруді сұрады.

НАРТАЙ АРАЛБАЙҰЛЫ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Жастардың басын біріктіретін бір ресурстық орталық бар бізде. Аты дардай болғанмен, заты болмай тұр. Қай өңірге барсақ та алдымыздан шыққан жастар жұмыста жүйе жоқ екенін айтады. Өздерін жергілікті билік білгенінше жұмсап, негізгі жұмыстарына жолатпайтынын айтады. Орталықтың жастары ортаңқол деп сөгеді кейді. 3000-нан аса белсенді жас әр әкімнің бұйрығымен таң атысы, кеш батысы сабылып жүргенде жастарға қатысты жұмыс далада қалатыны әмбеге аян».

Бүйте берсек, жастар жұмыста қалмайды деген депутат бұл мәселеге Үкіметтің өзі араша түсуін сұрайды.