Педофильдер мен лаңкестер енді елге кіргізілмейді. Бүгін мәжіліс депутаттары осындай заң жобасын қабылдап, Сенатқа жіберді. Одан бөлек,  отбасылық құндылықты дамытудың жолдарын талқылады. Сондай-ақ, мәжілісмендер шағын қалалардағы ауылдық елді-мекендерге жататын кенттердегі мұғалімдердің жан айқайын парламент мінберінен жеткізді. Айтуларынша, заңда белгіленген 25 пайыздық қосымша төлемақы – "ауыл коэфициентіне" көптеген ұстаздар қол жеткізе алмай отыр.

ҚАРАҚАТ ӘБДЕН ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Тұрғылықты халық саны орташа ауылдан аз болса да, мәртебесі “қала” немесе “кент” статусына ие болған елді-мекен мұғалімдерінің жағдайы. Барлық критерий жағынан ауылдық елді-мекендерге жататын кенттер мен шағын қалалардағы мұғалімдер заңда белгіленген 25 пайыздық қосымша төлем – "ауыл коэфициентіне" қол жеткізе алмай отыр. Яғни олар тұратын елді-мекеннің әкімшілік мәртебесі қағаз жүзінде “қала” немесе “кент” болғанымен, іс жүзінде, ол қала да, кент те емес, кәдімгі ауыл. Өңірлердегі осындай кенттер мен қалалардың мұғалімдерін қолдау қажет деп есептейміз. Яғни шалғайдағы мектептердің барлық белгісі бар, концепцияға толықтай сәйкес келетін елді-мекен мұғалімдеріне ауылдық коэффициент қол жетімді болуға тиіс».