Петропавл қаласында қарт адамдарға арналған балабақшаның барын көбісі біле бермейді. Мекеме басшысының айтуынша, «Долголетие» атты орталық 2022 жылдың 1 қарашасында өз жұмысын бастады. Мұнда үйде отырып зеріккен қариялар таңнан кешке дейін қалағанынша демалып, жақсы уақыт өткізе алады.

Бүгінгі таңда орталыққа барлығы 18 қарт адам келеді.  25 адамға арналған мекемені Ресейден келген мигрант Лилия Даниленко ашқан. Бақшаға әдеттегідей бүлдіршіндер емес, қарттар келеді. Онда жасы келген тұрғындар өзге де қатарластарымен бірге әңгіме-дүкен құрып, серуендеп, уақытын қызықты өткізуі үшін барлық қолайлы жағдай жасалған.

ЛИЛИЯ ДАНИЛЕНКО  «ДОЛГОЛЕТИЕ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Біздің жұмыс уақытымыз сағат  9-дан басталады. Қарттарға арналған орталықта бақшадағыдай түрлі іс-шаралар, мерекелік, концерттік бағдарламалар өткізіледі. Және зейнеткерлер  шаршаған кезінде ұйықтап, тынығады, бірмезгіл таза ауада серуендейді».

Мекемеде тіпті қарттардың шығармашылықпен айналысуына бағытталған вокалдық ансамбльдер де құрылған. Сонымен қатар оларға мерекелік көңіл-күй сыйлайтын түрлі шаралар ұйымдастырылады. Зейнеткерлердің басым көпшілігі альцгеймер ауруымен ауыратынын, сондықтан жиі концерт ұйымдастыру қиынға соғатынын орталық басшысы айтып өтті.

ФИДАНИЯ ХАТИПОВА  ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Бұл жерде біз өз қатарластарымызбен бірге сыр шертеміз, әңгімелесеміз. Уақытымызды естен кетпестей көңілді өткіземіз. Бәріміз бірге жан тебіреніспен  әуелетіп ән шырқаймыз.  Осында бір-бірімізбен әңгімелесіп отырып, шай ішеміз».

Айта кетейік, орталық тек клиенттерден ай сайын түсетін қаражат есебінен жұмыс істейді. Мекеме меңгерушісі Лилия Даниленко алдағы уақытта Алматы, Астана, Шымкент, Атырау қалаларында да  филиалдар ашуды жоспарлауда. Осы мақсатта мигрант өзінің франшиза жобасын әзірлеп жатқанын атап өтті.