Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында Ақордада бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсырды.Президент, ең алдымен, салтанатты жиынға қатысушыларды еліміздің ең басты мейрамы – Республика күнімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жетістіктері туралы айта келе, адам капиталын жақсартуға бағытталған оң өзгерістерге назар аударды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Көп ұзамай халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Бұл еліміздің тұрақты дамуының айқын көрінісі деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыз өз ұрпағының жарқын болашағына және еліміздің ертеңіне сеніммен қарайды. «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру үшін тиісті заң қабылданды. Небәрі екі айдан кейін балаларымыздың есеп-шотына қаржы түсе бастайды».

Президент Қазақстанның «елдің ішінде де, айналасында да бейбітшілік», «әралуандық арқылы – бірлікке» деген қағидаттарды әрдайым берік ұстанатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлер тұр. Осы күрделі кезеңде мемлекетіміздің орнықты дамуы өте маңызды. Біз болашаққа сеніммен қараған біртұтас Қазақ елін күллі әлемге танытуымыз керек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын. Шын мәнінде, Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Тәуелсіздікті сақтау, бұл – ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Себебі тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер. Әлемдегі ахуалдың қандай күрделі екенін көріп отырсыздар. Беделді халықаралық сарапшылар Қазақстанды бейбітшіліктің бесігі деп атайды. Қазір біз аймақтың мәдени-рухани орталығына айналдық. Биыл шетелдің өнер ұжымдары елімізде 200-ден астам мәдени іс-шара өткізді. Бұл – тұрақтылықтың, тыныштықтың айқын көрінісі. Мұны басқаларға үлгі-өнеге деуге болады. Ал тұрақсыздық жайлаған елге ешкім ұмтыла қоймасы анық. Бейбітшілік – біздің басты байлығымыз. Оның қадіріне жетіп, бағалай білу – бәрімізге ортақ парыз. Мұны еліміздің әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ терең түсінуі қажет».

Президент мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды деп санайды. Мемлекет басшысының айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Яғни, Заң толығымен орындалса, төрт құбыламыз түгел болмақ».

Президент сөзін қорытындылай келе, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа жоғары мемлекеттік наградалар, сыйлықтар мен атақтар табыс етті.