Бүгін Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың маңызды нысандарын аралауды, алдымен, №1 Индустриялық парктен бастады. Мұнда Мемлекет басшысына елорданың инвестициялық тартымдылығы жөнінде мәлімет берілді.

Инвестиция тарту ісінде №1 Индустриялық парк айрықша рөл атқарады. Мұнда жалпы инвестиция сомасы 322 миллиард теңге болатын 100 жоба жүзеге асырылып жатыр. Парк өндіріс ауқымы жағынан республикада бірінші орын алады. Іске қосылған сәттен бері өндіріс алаңында 6,7 триллион теңгенің өнімі шығарылған.

Президентке таныстырылған тағы бір өндіріс орны – «Stadler Kazakhstаn» ЖШС. Кәсіпорынның негізі биыл швейцариялық Stadler Rail AG холдингімен инвестициялық келісім нәтижесінде қаланды. Теміржол көлігін шығаратын әлемдегі көшбасшы компания Қазақстанда жолаушы вагондарының өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Ең алдымен, зауыт өнімі отандық жылжымалы құрамды жаңартуға бағытталады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ үшін әртүрлі типтегі 500-ден аса вагон құрастырылмақ. Индустриялық парктегі кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, олардың шығаратын өнімдері ішкі нарықта да, одан тысқары жерлерде де сұранысқа ие.