Ресторан бизнесі туралы заңға өзгеріс енгізіледі. Бұдан былай дәмханаларда көрсетілген қызмет үшін жалпы соманың 10%-ын алуға тыйым салынуы ықтимал. Тамақтану орындарына қатысты жаңа заңда осындай норма болуы мүмкін екенін айтады сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев. Ал, даяшы көрсеткен қызмет көңіліңізден шықса, өз еркіңізбен шайпұл беруге еш тиым жоқ.
АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ: «Бұған дейін жарияланбаған ақпаратты бөлісейін: қазір біз ішкі сауда ережелеріне өзгерістер дайындап жатырмыз. Біздің ойымызша, егер сізге қызметтер ұсынылса, оның құны көрсетілсе, қосымша ақы алынбауы керек. Бұл шайпұл мен әртүрлі жарналарды мәжбүрлеп төлеуге қатысты болып отыр. Бүгінде түбіртекте 10% міндетті атрибут ретінде көрсетілген. Біз атрибут ретінде көрсетілген осы шайпұлды алып тастауды көздейтін өзгерістерді дайындап жатырмыз. Яғни (көрсетілген қызмет үшін алынатын) 10%-ды алып тастаймыз. Егер (түбіртек) қызметтің жалпы сомасы көрсетілсе, сіз неге 2 рет төлеуіңіз керек... Алайда сізге көрсетілген қызмет ұнаса, онда өз еркіңізбен шайпұл төлей аласыз».