Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының ұсынуына сәйкес Жоғарғы Сот судьясын қызметінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ сенаторлар бірқатар маңызды заңды мақұлдады.Мәулен Әшімбаев Палатаның осы сессиядағы жұмысын қорытындылап, сенаторлардың заң шығару қызметінің нәтижесіне назар аударды және алда атқарылатын істің басым бағыттарына тоқталып өтті.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Палата Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформаларды және Жолдауда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында, Ұлттық құрылтайда жүктелген міндеттерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жұмыс істеді. Жаңа сессияға дейін депутаттар өңірлерге барып, жұртшылықпен кездесіп, жергілікті тұрғындарды алаңдатқан өзекті проблемаларға назар аударады. Оларды зерделеп, оң шешілуіне ықпал етеді. Бұл жұмыс Палатаның алдағы сессиядағы заң шығару қызметіне негіз болатыны анық».

Сонымен қатар Сенат Төрағасы сессия барысында Палата 4 Үкімет сағатын, Комитеттердің 50-ге жуық көшпелі отырысын, 100-ден астам дөңгелек үстел мен кездесулер өткізгенін тілге тиек етті. Одан бөлек, сенаторлар 200-ге жуық депутаттық сауал жолдап, өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Аталған іс-шараларда қабылданған ұсынымдар жұмысқа алынып, Үкіметке және жауапты мемлекеттік органдарға жолданды.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Парламент осы сессияда 102 заң қабылдады. Олардың үштен біріне депутаттық корпус бастамашы болды. Азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды».