Шұғыл әрекет ету керек! Жылу беруге қатысты үкімет басшысы Әлихан Смайылов барлық жауапты органдар мен жергілікті әкімдерге қатаң тапсырма берді. «Қысқа дайынбыз»,- деп жалған ақпарат берген әкімдердің жұмысын сынады.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Технологиялық ақауларға байланысты инциденттер болып жатыр. Бірақ, жылу беру толықтай тоқтап қалған жоқ. Бұзылған учаскелерді нормативтік мерзімде қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданды. Авариялар болған жағдайда барынша шұғыл әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдау керек. Халыққа нақты жағдай туралы, жөндеу жұмыстары мен жоспарлы жұмыстар туралы дер кезінде, объективті әрі түсінікті ақпарат беру – маңызды мәселе. Әйтпесе, өтірік ақпарат пен фейк тарап кетеді».

Бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі қыс басталмай жатып, жылу желілерінде болған апаттың себебін түсіндіруге тырысты. Айтуынша, суық атмосфералық ауа энергия көздері мен жылу желілеріне техникалық тұрғыда әсер еткен. Сондықтан, Риддер, Екібастұз және ГРЭС-1 де ақаулар болыпты. Алайда, ол олқылық тез арада жойылды дейді. Айтпақшы, жиында министр үкімет резервінен бірқатар жылу электр орталығына қаржы бөлінгенін айтты.

АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

«Жылыту маусымына дайындау үшін үкімет резервінен Риддер және Екібастұз қалаларының ЖЭО, Ақтау қаласының энергия көздеріне, Көкшетау қаласының қазандығына күрделі жөндеу жүргізуге, реконструкциялауға және қажетті жабдықтарды сатып алуға 21,5 млрд теңге бөлінді».