Су басқан өңірлердегі түлектерге биыл ерекше жеңілдік берілетін болды. Айтулы аймақтағы балаларға қосымша 12 мың грант бөлінеді. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек айтты. Ал, тасқынның зардабынан мектепке бармаған оқушылар болса, жазда қайта оқиды. Үкіметте көтерілген мәслелер жайында толығырақ алдағы бейнесюжетте.
25 мамырда еліміздегі барлық мектепте соңғы қоңырау соғылады. Бұл күнді ұстаздар да оқушылар да асыға күтуде. Бірақ, су басқан алты өңірдің оқушылары үшін соңғы қоңырау соғылғанымен, олар түбейгейлі жазғы демалысқа шықпайды. Бұл өңірлерде қосымша сабақ ұйымдастырылады.
ҒАНИ БЕЙСЕМБЕВ ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
«Су тасқынынан зардап шеккен және ауа райының қолайсыздығына байланысты қыс мезгілінде қашықтан оқыған 2622 мектептің 832 мың оқушысы үшін 27-31 мамыр аралығында “Жазғы мектеп” жұмысы ұйымдастырылады. Жазғы мектепті ұйымдастырудың негізгі мақсаты – оқушы біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру арқылы білім сапасын арттыруға бағытталған».
Ал, аталған өңірдегі түлектер үшін жағымды жаңалық. Биыл мемлекет тасқыннан задап шеккен аймаққа қосымша 12 мың грант бөлді.
САЯСАТ НҰРБЕК ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРҒЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
«Біріншіден, сол өңірдегі балаларға көп уақыт беру үшін олардың тестілеу мерзімі шегерілді: 1 маусымнан 12 шілдеге дейін. Балаларға 47 күн беріп отырмыз. Екіншіден, биыл мемлекеттік тапсырыстың 20 пайызы, яғни 12 мың грантты бөлек сол зардап шеккен өңірлерге бөліп отырмыз. Үшіншіден, биыл негізгі ҰБТ-ны 6 өңірде тапсырған балалар төмен балл алып қалса, қаңтар және наурызда алған ҰБТ балдарын қолдануға мүмкіндік береміз. Ерекше жағдайды ескеріп, тек биыл осындай шешім қабылдап отырмыз. Яғни (тасқыннан) зардап шеккен өңірлердегі балаларға министрлік тарапынан толық қолдау бар».
Одан бөлек, бүгін министрлер кабинеті балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыру мәселесін қарады. Үкімет басшысы Олжас Бектенов балалар қауіпсіздігіне баса мән беруді тапсыруды. Сондай-ақ, лагерлерде балалармен жұмыс істейтін қызметкерлерді мұқият іріктеу керектігін айтты.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Барлық балалар лагерлерінде, жаппай демалыс орындарында бақылау камералары жұмыс істеуі тиіс. Ішкі істер, төтенше жағдайлар, оқу-ағарту, денсаулық сақтау министрліктері, өңірлердің әкімдіктері тиісті қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуі керек».
2026 жылға дейін республика аумағында 50 лагерь құрылады. Балалар шығармашылығын дамытатын 100 орталық салынады.