Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Большая Малышка ауылындағы  324 үй көктемгі су тасқынынын зардап шеккен еді. 251 баспана жөндеуге жарамды,73 үй апатты деп танылған.  Қазіргі таңда тасқын зардабын жою мақсатында жұмыстар қызу жүріп жатыр.

Қазір мұнда Есіл ауданынан келген механикалық бригада жұмыс істеп жатыр. Олар жөндеу жұмыстарын маусым айының соңында бастаған. Көктемгі тасқын кезінде баспанасын су жайлағандардың бірі  Тамара Непомнящая. Тұрмысқа шығып, келін атанғанда осы шаңырақтың босағасынан аттапты.

ТАМАРА НЕПОМНЯЩАЯ БОЛЬШАЯ МАЛЫШКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Жігіттер бірден іске кірісті. Еденді алып, қабырғаларды жөндеді. Күнде 1-2 жігіт келіп жұмыс істейді. Біз үнемі қастарында боламыз. Барлық істі жақсы атқарып жатыр. Енді жұмыстар тезірек аяқталып, ертерек үйге кіріп алсақ дейміз».  

Ал, Төлеген Оспановтың үйіне сәуірдің 15-сі күні су кірген. Алайда тұрғын іштегі барлық тұрмыстық техникаларды шығарып үлгерген. Тұрғынның баспанасы аяқталуға жақын қалған.

ТӨЛЕГЕН ОСПАНОВ  БОЛЬШАЯ МАЛЫШКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Қазір енді жігіттер ұсақ-түйек жұмыстарды істеп жатыр. Еденді салып, линониум төседі. Қабырғаға түсқағаз жабыстырып қойды.  Қазір есіктерді салып жатыр. Жаңадан пеш салып қойды». 

Жалпы,  Большая Малышка ауылында 251 үй қайта жөндеуге жарамды. Оның 36-сын механикалық бригадалар қалыпқа келтіріп жатыр.  Ал 215 баспананы тұрғындар өздері жөндеуге ниет білдірген.