Жақында Қазақстан-Қытай шекарасында 3-ші теміржол өткізу пункті ашылады, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттары салынады, Ақтау контейнерлік хабы құрылады. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Шанхайда өткен Қытайдың 6-шы халықаралық импорттық көрмесінің  ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде айтты. Сондықтан, Премьер-Министр Қытайлық көлік компанияларын аталған жобаларға қатысуға, ал көлік-логистикалық операторларын Қазақстандағы трансшекаралық көлік инфрақұрылымын белсенді қолдануға шақырды.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Еліміздің көрмеге мәртебелі қонақ ретінде қатысуы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының жаңа кезеңі аясында өтіп отыр. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестігі болып табылады. Мәселен өткен жылы біздің елдер арасындағы тауар айналымы 29 млрд асып, рекордтық дәрежеге жетті. Осы жылдың 9 айында тағы 20 пайызға артып отыр. Осыған байланысты, біз барлық мүдделі қытайлық кәсіпорындарды ынтымақтастықты кеңейтуге шақырамыз. Қазақстан Үкіметі қажетті қолдау көрсетуге және бірлескен жұмыс үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайын».

Қытай халықаралық импорт көрмесінің ашылу салтанатына Австралия, Сербия, Иран және ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян қатысты.