Ел аумағында орын алған төтенше жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиын өткізіп, жағдайды қалыпқа келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдаумен қатар жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтті. Премьер-Министрдің төрағалығымен республикалық штаб құру, сондай-ақ барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді. Осыған орай топан судан зардап шеккен ақмолалықтарға да  қажетті көмек көрсетілетін болады. 

Көкшетау тұрғыны Вакиль Бектеміровтің үйіне кірген су тізеден келген. Шамамен, жарты метрге көтерілген судың кесірінен үйдегі бар жиhаз жарамсыз болып қалды. Отбасын жалдамалы пәтерге орналастырған ол, шығын мөлшерін есептеп жүр.

ВАКИЛЬ БЕКТЕМІРОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Үйді фото, видеоға түсіріп жібердіңдер деді. Біз жібердік. Төтенше жағдай департаментіне барып, өтініш жаздық. Телефон номерімізді, мекен жайымызды қалдырдық.  Әрине, көмек көрсетіледі деп ойлаймыз. Сеніп отырмыз».

Тосыннан келген топан судан зардап шеккендердің бірі Никулиндер жанұясы. Отағасы Сергей мүлік тұрмақ, баспанасының жөндеуге келмейтінін айтуда.

СЕРГЕЙ НИКУЛИН КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Әкімдіктегілер бағалаушыларды жіберіп, шығын мөлшерін анықтаймыз деді. Содан кейін шешім шығарып, әкімдік бар шығынымызды өтейді. Бізге осылай деді. Әзірге, пәтер жалдап тұрып жатырмыз». 

Бірнеше күнгі жұмыстың арқасында Қылшақты өзенінің суы қайтадан төмендеді. Енді, алаңдауға негіз жоқ,-дейді құтқарушылар. Ал, зардап шеккен әр отбасына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік көмек көрсетіледі. Одан бөлек, әр жанұяның шығыны есептеледі. Оның мөлшерін анықтау, қаржылай көмек көрсету сұрақтарымен айналысу үшін арнайы топ құрылған.  

ҰЛАН БЕЙСЕМБАЕВ КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ №1 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
«Сатпаев 9 көшесіне келіп, фото видео фиксацияны және өзінің мекен жайының соның бәрін көрсетіп өтінім білдіруге болады. Қазіргі таңда әкімшіліктің және төтенше жағдай департаментінің арасында арнайы топ құрылған. Солар қарастырады».