"

Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары қарғын су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап көруден басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы қалыптасқан жағдаймен танысты. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Президентке бүгінде 6 аудан мен Орал қаласын су басқанын баяндады. Қарғын су 552 тұрғын үйге, 427 саяжай теліміне зиян келтірген. Өңір басшысының айтуынша, су тасқынына қарсы шараларға 1911 адам, 332 техника, 101 мотопомпа, 1 тікұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына Алматы және Маңғыстау облыстарының құтқарушылары атсалысып жатыр.  Президент су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап шыққаннан кейін аудан орталығындағы Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназия базасында орналасқан эвакуациялық пунктке барды.

Мемлекет басшысы гуманитарлық көмекті тарататын пункттің жұмысымен танысып, су тасқынына байланысты жақын маңдағы ауылдардан көшірілген тұрғындармен жүздесті. Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындармен әңгімелесу барысында мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанына назар аударды. Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Бірақ биылғы тасқын одан да асып түсті.Президент шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық қажетті шараны қабылдайтынын айтты.