Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық Компаниясы» Акционерлік Қоғамы Инновациялық орталығына барды.Жиын барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласындағы көлік-логистика орталығының ашылу рәсіміне телекөпір арқылы қатысты.

Мемлекет басшысы аталған сала мен жалпы Қазақстан-Қытай қатынастары үшін көлік-логистика орталығын ашудың маңызды екенін атап өтіп, нысанды іске қосты.Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Қытайдың Шэньси қаласын Қазақстанмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыратын Сиань құрғақ портында логистика орталығын салу жөнінде уағдаласқан болатын. Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қаласы. ҚХР мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі.Сиань қаласындағы құрғақ портта орналасқан Қазақстан терминалының жобалық қуаты – жылына 66,5 мың жиырма футтық эквивалент. Терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Бұл – «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы бойынша іске қосылған жоба. Қазақстан Төраға Си Цзиньпин 2013 жылы біздің елімізде жариялаған ірі жобаны толығымен қолдайды. Осы бастаманың арқасында орталықтың құрылысы қысқа мерзімде аяқталды. Мұның барлығы – екі ел арасындағы табысты серіктестік нәтижесі. Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға жаңа серпін бермек. Сондай-ақ Еуразиядағы сауда-экономика ынтымақтастығын нығайта түседі деп санаймын. Осы орталықтың сапалы салынуына Қазақстанның және Қытайдың көптеген мамандары атсалысты. Мен бүгін баршаңызға ризашылығымды білдіремін». 

Президент Қазақстанды Еуразияның негізгі транзит хабына айналдыру мақсатында қабылданып жатқан кешенді шараларды оң бағалады. Бұл ретте Мемлекет басшысы шын мәнінде бәсекеге қабілетті болу үшін заман талабына сай инновациялық шешімдер қабылдаған жөн деп санайды. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканың барлық саласын цифрландыру мәселесіне айрықша мән бердім. Қазақстанда озық IT-шешімдерді енгізу үшін берік негіз қалыптасқан. Отандық теміржол саласы «цифрлық жарысқа» уақыт оздырмай қосылуға тиіс. Бұған белгілі бір деңгейде әзірлік бар екенін көріп отырмыз. Цифрландыруды жеделдету есебінен таяу арада тасымал тиімділігін арттыру және шығындарды қысқарту міндеті тұр. Бұл тек көлік-логистика саласының ғана емес, жалпы экономиканың дамуына тың серпін береді. IT-шешімдер ретсіз енгізілмей, бір-бірін толықтырып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Бұл – маңызды». 

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жобаларға атсалысып жатқан шетелдік компанияларға алғыс білдірді.