Мұнай компаниясына жұмысқа орналастырамыз, арзан автокөлік пен нарықтағы бағадан төмен тұрғын-үй алып береміз деп халықты алдап, сан соқтырған алаяқтар тобы ұсталды. Олар қазақстандықтардың 112 млн теңгесін қолды қылған. Маңғыстау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өткен жылы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында алаяқтық фактісін анықтады.
ҚУАНДЫҚ АЛПЫС ҚР ІІМ ҰҚҚКД ӨКІЛІ: «Қаскөйлер мұнай компанияларының біріне жұмысқа орналастыру, сондай-ақ автокөліктер мен жылжымайтын мүлікті алып-сату сылтауымен 112 млн теңгеден астам қаражатты иемденген. – Бүгінде полицияға республиканың әр өңірінен 20 адам арызбен жүгінді. Ұсталғандардың тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша тінту жүргізілді. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта топтың үш мүшесі қамауда. Қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Олар ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, оны басқарды және оған қатысты деп айыпталуда. Тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді».